Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Түркістан облысы республикада алдыңғы қатарда. Елдегі жалпы өнім көлемінің 12%-ы біздің өңірге тиесілі.
Облыста 74,2 мың шаруа қожалығы тіркелген, бұл республикалық көрсеткіштің 31%-ын құрайды.
2022 жылы саладағы өнім көлемі 1 036,6 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артық орындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд. теңге инвестиция тартылды немесе өсім +18,7% болды, тамақ өнеркәсібіне 10,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім +7,4%-ды құрады.
Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында 19,5 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 671 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 30,3 млрд. теңге бөлініп, 25 112 агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қолдау көрсетілді.
Айта кетейік, егіс көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артып, 859,9 мың гектарға егін егілді (2021 ж. – 845,5 мың га). Оның ішінде дәнді және бұршақтық дақылдар – 313,7 мың гектарға, мал азықтық дақылдар – 220,9 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 119,4 мың гектарға, майлы дақылдар – 79,9 мың гектарға егілді.
Агротехникалық іс-шараларды тиісті деңгейде жүргізудің нәтижесінде дәнді дақылдар түсімділігі гектарына 4,9 центнерге артып (гектарына 24,8 центнерден), 778,0 мың тонна өнім өндірілді. Көкөніс, бақша, картоп дақылдарының түсімділігі гектарына 9,5 центнерге артып (гектарына 239,4 центнерден), 2,9 млн. тонна өнім өндірілді.
«Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағдарламасы бойынша 123 ауыл округінде 8,4 мың гектарды құрайтын 2 911 жоба жүзеге асырылып, 294 мың тонна өнім өндірілді. Айталық, Түлкібас ауданында былтыр 185 шаруа қожалығы бір жерден 2 рет өнім алды. Нақтырақ айтсақ, бірінші еккен егістіктен 2 969 тонна, ал, екінші айналымда 900 тонна өнім жиналған. Нәтижесінде жиналған өнімдердің жалпы көлемі 3 869 тоннаға жетті. Шаруалар бұған дейін де осы әдіспен егістік алқаптарын тиімді пайдаланған екен. Уақыт өткен сайын диқандардың тәжірибесі толысып, соңғы жылы өнім көлемі айтарлықтай арта түскен. Қазір таңда бұл ауданда ауыл шаруашылығы және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар іске асырылып келеді. Сонымен қатар, суармалы жерлерді ұлғайту мақсатында да жүйелі жұмыстар қолға алынуда.
Ал, Төлеби ауданында бау-бақша алқабы көлемі жыл өткен сайын ұлғая түсуде. Бауда алма пісіп, жүзім самсап тұр. Бұған қоса, ауданда тамшылатып суару, жаңбырлатып суару технологияларына басымдық беріліп, шаруалар суды үнемдеуде. Осы арқылы әрі су үнемделіп, әрі өнімділік еселеп артуда. Айта кетейік, 2022 жылдың 6 айында ауданда 16 млрд. 331 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері жиналды.
Бүгінгі таңда Сайрам ауданында 52 мың гектар егістік алқап бар. Олардың 70 пайызы арық және жаңбыр суымен суарылады. Мұнда бірінші өнімге негізінен картоп, екінші өнімге түрлі көкөністер егілді. Сала мамандары мұнда былтыр «Бір жерден бір жылда екі өнім алу» жобасы 306 гектарда жүзеге асырылыпты. Оның ішінде 4 мың гектарға картоп, 8 мың гектарға көкөніс, 19 мың гектарға масақты дәнді-дақылдар, 6,5 гектарға майлы дақылдар (масақ), 14 мың гектарға мал азығы дақылдары егіліпті.
Республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша да облыс алдыңғы қатарда, өндірілген мақтаның – 100%-ы, жүзімнің – 76%-ы, бақшаның – 64%-ы, жеміс-жидектің – 40,0%-ы, мақсарының – 29%-ы, жүгерінің – 26%-ы, көкөністің 25%-ы Түркістан облысының үлесінде. Дәл қазір өңірімізде көктемгі егіске дайындық жұмыстары басталып кетті. Мәселен, Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары ақпанның әрбір сәтті күнін пайдаланып қырыққабат және қызылша дақылдарын егуде. Егістік алқаптар мен үйіргелік жерлерде қазірдің өзінде 10-нан астам бригадалар қызу жұмыстарды жүргізуде.
Ақпанның ызғары мен жауын-шашынына қарамастан егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың бірі — Мақтаарал ауылдық округі Есентаев ауылында орналасқан «Абдрахманов» шаруа қожалығы. Аллаяр Кенжебайұлының басшылығындағы қожалықтың еншісіндегі 4 гектар жерге қырыққабат дақылы егіліп жатыр. 35 адамнан құралған 2 бригада ақпанның әрбір сәтті күнін пайдаланып егістік алқабында тынбай жұмыс жасауда.
— Жұмысшыларға күніне 5000-5500 теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Қырыққабаттың ринда, галикан атты сорттарын егіп жатырмыз. Негізінен 2-3 ай көлемінде еккен егініміз пісіп жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек, – деді А.Абдрахманов.
Ерте пісетін қырыққабат өніміне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданында жалпы көлемі 10 гектар жерге қырыққабат, 15 гектарға қызылша дақылы отырғызылған. Жалпы биыл Мақтааралда 1904 гектар жерге ерте пісетін көкөністер егу жоспарланып отыр. Қырыққабат пен қызылша дақылдары ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады. Реті келгенде айта кетейік, өткен жылы мақтааралдық шаруалар 20 мың тонна көкөніс өндіріп, оның 80%-на жуығын ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне экспортаған.
Өзге өңірлерге қарағанда көктемі ерте келетін Жетісай ауданында да дихандар ақпан айының басында қырыққабат егуді бастады. Егістікке ерте тұқым сеуіп, бүгінде күтіп-баптау жұмыстарын жүргізіп отырғандардың бірі Есполат Өмірхан. Жалпы иелігінде 3 гектар жері бар Жетісай ауданы Абай ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығы бүгінгі таңға дейін 1,5 гектарға орамжапырақтың ерте пісетін «Зарисма» сортынан 28 мың түп егіп отыр. Өткен жылы «Пушма» сортынан 25 мың түп егіп, Ресей асырған. Биылғы өнім де жақсы болатынына сенімді.
— 2014 жылдан бері отбасымызбен диханшылықпен айналысамыз. Негізгі күн көрісіміз де осы. Мұнда қазір 30 адам жұмыс істеп жатыр, жұмысшыларға күніне 5000 теңгеден еңбекақысын төлеп отырмыз. Құдай қаласа наурыз айында ортасындағы ашық жерге қауын егіп, бір жерден екі өнім алатын боламыз. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек, — дейді шаруашылық төрағасы Есполат Өмірхан.
Бұл алқапта бүгінде 30-ға тарта жергілікті тұрғын еңбек етіп, нәпақы тауып жүр. Күнделікті ақылары 5 мың теңге. Ерте көктемнен бастап қырыққабат егуге, сонан соң қауын-қарбыз егуге, жинауға қатысатын ауыл азаматтары күзгі мақта терімнен де қалыс қалмайтындықтарын айтады. Бір жылдың 11 айында егістік алқаптарда жұмыс жасап, қыстың 1 айында ғана бос болатынын айтқан Әтіркүл Еспенбетова бір отбасыдан 2-3 адам жұмысқа ерінбей шықса тәп-тәуір табыс табуға болатынын алға тартады.
Айта кетейік, өткен жылы ауданның ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған 78,5 мың га егістіктің 49,5 мың гектарына мақта, 15 мың гектардан астам бақша, 10,7 мың га мал азықтық, 3,2 мың га көкөніс егіліп, ауыл шаруашылығы саласында жалпы өндірілген өнім көлемі 105,7 млрд теңгені құраған. Ерте егілген көкөніс дақылдарынан 79 мың тоннадан астам, бақша дақылынан 474,5 мың тоннадан астам, дәндік жүгеріден 29,5 мың тонна, жоңышқадан 46,2 мың тонна өнім алынып, 292 шаруа қожалық иелері 1103 га жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырған.
Сарыағаш ауданының шаруалары да жылына 1 алқаптан 2 өнім алу жобасы аясында белсенді жұмыстар атқаруда. Олар бүгінгі таңда қырыққабат көшеттерін отырғызу жұмыстарын бастап кетті. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде біршама шаруалар қатысып, қызу жұмыстар жүруде.
Егінді ерте бастағандардың бірі Жартытөбе ауылдық округіндегі «Мерей» шаруа қожалығы. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтың төрағасы Базаркүл Маханованың еншісіндегі жерге қырыққабат дақылы егіліп жатыр. Жалпы саны 8 адамнан құралған шаруа қожалық ақпанның әрбір күнін тиімді пайдаланып, жауын-шашынға қарамастан жұмыс істеуде. Өнім негізінен 3 айдың көлемінде пісіп жетіледі. Ерте пісетін өнім түріне сұраныс көп болғандықтан, шаруалар мамырға жетпей өнім алуды көздеп отыр.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Гүлнар Күнтуғанованың мәлімдеуінше, облысымызда 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1 трлн 37 млрд. теңгені құраған. Нәтижесінде 2021 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артық орындалды.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Түркістан облысы республикада алдыңғы қатарда. Елдегі жалпы өнім көлемінің 12%-ы біздің өңірге тиесілі. Облыста 74,2 мың шаруа қожалығы тіркелген, бұл республикалық көрсеткіштің 31%-ын құрайды. Облыста ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің едәуір үлесі Сайрам (12%), Сарыағаш (11,5%) және Жетісай (10,2%) аудандарына тиесілі. Өңірде ауылшаруашылық дақылдарының жалпы егістік алқабы 861 мың гектарға жетіп, 2021 жылға қарағанда 1,8%-ға ұлғайғандығын көрсетіп отыр.
Жалпы елдегі жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында. Өңірімізде жылыжай шаруашылығы жақсы дамып келеді. Қазір өңір диқандары көкөністерді өсіріп, көктемде нарыққа шығаруға дайындалып жатыр. Сарыағаш ауданы, Қабланбек ауылдық округі аумағындағы «Занджаниджад» шаруа қожалығының басшысы Занджаниджад Рустемнің айтуынша, жылыжай шаруашылығымен айналысу өте қиын. Төзім мен еңбекті талап етеді. Күндіз-түні от жағу, жылыжайды жылы ұстау, ауа райының түрлі сынақтарынан өнімді аман сақтау оңай емес.
— Бұл – отбасылық бизнес. Диқаншылықпен 30 жылдан бері айналысып келеміз. Қараша айында қызанақ тұқымын септік, желтоқсанда жылыжайда көшетін отырғыздық. Наурыз айының соңында өнім аламыз деген үміт бар. Қызанақ егу, оны өсіру жұмыстары жүріп жатыр. Қызанақтан бөлек гүл өсіруді де жоспарлап отырмыз, – дейді диқан.
2005 жылы құрылған шаруа қожалығында 1,5 гектар аумақта жылыжай салынған. Кәсіпкер бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қызанақ өсірумен айналысатын жылыжайда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған жылыжай жылына 200 тонна қызанақ өндіруге қуатты. Өнім кәсіпкерлер арқылы негізінен Ресейге экспортталады.
Сарыағаш ауданының экономикасын дамытудағы негізгі саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Аудан аумағында орналасқан 683,2 гектар жылыжайларда негізінен қызанақ, қияр, болгар бұрышы, аскөк, баклажан, түсті қырыққабат, құлпынай және гүлдер өсіріледі. Қазір өңірімізде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Сарыағаш, Келес аудандарында агроиндустриалды аймақ құру жоспарланған. Сол арқылы өңірдегі жылыжайлар көлемін 690 гектарға ұлғайтып, 2259 гектарға жеткізу көзделіп отыр.
Жалпы аудан аумағында жылыжай көлемі 683,2 гектарды құрайды. Жылыжайларда негізінен қызанақ, қияр, болгар бұрышы, көкот (зелень), баклажан, түсті қырыққабат, құлпынай және гүлдер өсіріледі. Бүгінгі таңда шаруалар жылыжайларға егін егу жұмыстарын бастап кетті. Оның ішінде алғашқылардың бірі болып егін егу жұмыстарын жүргізуді қолға алған Құркелес ауылдық округіндегі «Нормад» шаруа қожалығында болгар бұрышы егілген. Ал, Қабланбек ауылдық округіндегі «Ханзада» және «Берік» шаруа қожалықтарында қызынақ және қияр көшеттері отырғызылуда. Қазіргі уақытта 210 гектардан астам жылыжай кешендерінде шаруалар тарапынан жаңадан егін егу жұмыстары жалғасуда.
Реті келгенде айта кетейік, сарығаштық шаруалар қыста да құлпынай өсіруді тоқтатқан жоқ. Қазір де шаруалар ерте пісетін құлпынай өнімін саудалап мол табыс табуды жоспарлауда. Айта кетсек, қазіргі таңда аудан аумағындағы 271 га астам жерге құлпынай көшеті егілген. Олардың басым бөлігі «Жабай ата», «Абдурахман», «Agro tur» шаруа қожалықтарында өсіріліп, ішкі нарықта саудалануда. Айтуларынша, құлпынай өніміне сұраныс еліміздің ірі қалалары және аудан аумағындағы кәсіпкерлер мен тұрғындардан келіп түсуде. «Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын» диқандар иелігіндегі жерлерден жылдық азық жинауға бел байлап, құлпынайды құлпыртып, бүгінде кәсіптерін жандандырып отыр.
Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға арналған 52800 гектар жер бар. Оның 20796 гектарына, яғни суармалы жерлерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Осы бағытта дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникаларының көмегімен 18818 га жер жыртылды.
17 мың гектарға күздік бидай егу жоспарланса, ауа-райының қолайсыздығына байланысты Қарамұрт, Ақбұлақ, Жібек-жолы, Қарасу және Манкент ауылдық округтерінде нақты 10481-і егілді. Қалған егістік алқаптарына жаздық арпа және майлы дақылдарды егу көзделуде.
Сонымен қатар, аудан аумағында көп жылдық мал азықтық дақылдар 15900 га, оның ішінде жаңа жоңышқа 3530 га, картоп 4100 га, көкөніс 5923 га және де басқа дақылдар егіледі деп күтілуде.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қажетті тұқым көлемімен толық қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылуда.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген бағада жанар-жағар май, 50 пайызы мемлекеттен субсидияланатын минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағар майды белгіленген базалар арқылы алу мәселелері агроқұрылымдарға түсіндірілуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан анықталған «Майсс» және «MTS XXI» ЖШС-тері арқылы 1885 тонна жанар-жағар май таратылатын болады.
Техникалардың көктемгі жұмыстарға дайындығы 92 пайызды құрап отыр. Егістік алқаптарға су беру маусымы 15 сәуірден басталады. Шаруаларға жеткізілетін ағын су көлемі жеткілікті. Өз кезегінде шаруаларға қолдау көрсету жұмыстары өнім көлемін арттыруға, сапасын жақсартуға әрі екі өнім алуға оң септігін тигізеді.
Реті келгенде айта кетейік, агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты.Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бірі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар). «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 261,0 млн. текше метр қосымша ағын су жеткізетін стратегиялық маңызға ие 5 ірі жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, «Түркістан магистральды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталып, қала аумағындағы 2,1 шақырым канал бойы абаттандырылды. Нәтижесінде жылына 60 млн. текше метр ағын су үнемделеді. Каналдың су өткізу құрылымдарына австралиялық «Рубикон Воутердің» тәжірибесімен автоматтандыру жүйесі орнатылды.
Сыйымдылығы 18,5 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай – Қосқорған – 2» су қоймасы салынып, пайдалануға берілді. Жалпы жоба аясында жылына 31,0 млн. текше метр ағын су қосымша жеткізіледі. Сонымен қатар, «Боралдай» су қоймасын (65 млн.м3, жоба құны 15,0 млрд. тг.), «Бәйдібек ата» су қоймасын салу (65 млн.м3, жоба құны 16,9 млрд. тг.) жобалары әзірленуде.
Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу» (40 млн.м3, жоба құны 4,07 млрд. тг.) жобасы іске асырылуда. Аталған жобалар толық игерілгенде Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады.
Бұдан бөлек, 2022 жылы облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге қаржы қаралып, 1 су нысанын күрделі жөндеу (Отырар ауданындағы Р-1 каналы), 6 су нысанын ағымдағы жөндеу (Қазығұрт ауданындағы Р-4-4, Р-2 және облыстық коммуналдық меншіктегі Бөген, Қошқорған су қоймалары, Қараспан су торабы, Түркістан магистральды каналы) жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, Мақтаарал ауданындағы коммуналдық меншіктегі 141 шақырымды құрайтын 54 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 12,9 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады.