Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары ақпанның әрбір сәтті күнін пайдаланып қырыққабат және қызылша дақылдарын егуде. Егістік алқаптар мен үйіргелік жерлерде қазірдің өзінде 10-нан астам бригадалар қызу жұмыстарды жүргізуде.
Ақпанның ызғары мен жауын-шашынына қарамастан егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың бірі — Мақатаарал ауылдық округі Есентаев ауылында орналасқан «Абдрахманов» шаруа қожалығы.
Аллаяр Кенжебайұлының басшылығындағы қожалықтың еншісіндегі 4 гектар жерге қырыққабат дақылы егіліп жатыр. 35 адамнан құралған 2 бригада ақпанның әрбір сәтті күнін пайдаланып егістік алқабында тынбай жұмыс жасауда.
«Жұмысшыларға күніне 5000-5500 теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Қырыққабаттың ринда, галикан атты сорттарын егіп жатырмыз. Негізінен 2-3 ай көлемінде еккен егініміз пісіп жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», – деді А.Абдрахманов
Ерте пісетін қырыққабат өніміне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданында жалпы көлемі 10 гектар жерге қырыққабат, 15 гектарға қызылша дақылы отырғызылған.
Жалпы биыл Мақтааралда 1904 гектар жерге ерте пісетін көкөністер егу жоспарланып отыр. Қырыққабат пен қызылша дақылдары ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады.
Айта кетейік, өткен жылы мақтааралдық шаруалар 20 мың тонна көкөніс өндіріп, оның 80%-на жуығын ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне экспортаған.