Кентау — моноқала. Қазіргі уақытта мұндағы инженерлік инфрақұрылымның жағдайы еліміздегі барлық моноқалаға тән проблема болып табылады. Өйткені, су құбырын тарту, кәріз жүйелер жүргізу, жылу және электр желілерінің толық жөндеуден өткізу қомақты қаржыны талап етеді.
Былтыр Кентау қаласын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, Ащысай ауылының тұрғындарынан басқа ауыл тұрғындарының барлығы 100 пайыз ауыз сумен қамтылды. Қазіргі уақытта, Ащысай ауылы бойынша сметалық құжаттамалары дайындалып, 57 млн. теңге қаржы қарастырылды. Құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталатын болады.
Кентау қаласының су бұру жүйесінің құрылысыалпысыншы жылдары жүргізіліп, пайдалануға берілген болатын. Кәріз су сорғыш станциясының жөндеу жұмыстарының сметалық құжаттары әзірленді. Жобаның құны – 173 млн.теңге. Облыстық бюджет есебінен осы мақсатта100 млн. теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстарын аяқтау осы жылға жоспарланған.Қазіргі уақытта, кәріз су тазарту станциясы мен су тазарту құрылғыларын салу үшін жобаның техникалық экономикалық негіздемесін келісу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы аталған нысанның құрылыс монтаждау жұмыстарын 2024-2025 жылдар аралығында жүргізу жоспарланған. Айта кетейік, Кентау қаласында жер асты сулары өте жақын орналасқан. Сондай-ақ шахталарда су деңгейінің көтерілуі байқалады.Осыған орай, қазіргі уақытта Қосқорған су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Жоба құны – 4 млрд. теңге. Нысандағы тиісті жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Реті келгенде айта кетейік, қала аумағындағы тұрғын үйлердің табиғи газ жүйесіне қосылуы 2022 жылы қамтамасыз етілді.Қазіргі уақытта қала бойынша 14 500 абонент бар. Оның ішінде табиғи газ жүйесіне қосылған 2 020 абонент болып отыр.ҚазТрансГаз Аймақ тарапынан тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстарын ары қарай жалғастыруда.
Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендер толық орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Былтыр «Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігінің инвестициялық бағдарламасына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтайық, Құсшы-ата, Қарнақ ауылдарындағы «Атабай» қосалқы станциясынан шығатын 7 шақырым электр желілері толығымен ауыстырылды, осы ауылдарда 5 дана жаңа трансформаторлар орнатылды және Кентау қаласы «Городская» қосалқы станциясынан шығатын 10 шақырым электр желілері толығымен ауыстырылды. Мұндай шаралар биыл да атқарылатын болады. Мәселен, ағаш бағаналары темір бетон бағаналарына ауыстырылады, жаңа трансформатор шкафтары орнатылады.
Нәтижесінде Кентау қаласы мен қалаға қарасты елді мекендер сапалы электрмен қамтамасыз етіледі. Әрине, Кентау қаласында ең басты мәселелердің бірі, ол жылу электр орталығының жәй-күйі. Биылғы қыстың қаһарына мінгені баршаға аян. Еліміздің солтүстік өңірлерінде жылу беру бойынша үлкен проблемалар болды. Биыл қаңтар айында Кентау қаласында жылу электр орталығында екі қазандықта ақаулар орны алды.Осы ақауларды жою үшін ТЭЦ-тің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, тез арада жөндеу жұмыстарын жасады.
Қазіргі таңда Кентау қаласында жылу температуралық режимге сәйкес берілуде. Жылыту маусымын сапалы өткізу мақсатында облыстық бюджеттен 712 млн. теңге бөлініп, қазандықтарды, турбогенераторды ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.Сондай-ақ, 250 метр магистральдық және 300 метр ішкі-орам жылу желілері ауыстырылды.Дегенмен, нысан 70 жыл бұрын пайдалануға берілгенін ескере отырып, қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.



