Түркістан облысында биыл 17 мың тоннаға ет өңдеу, 37 мың тоннаға сүт өңдеу кәсіпорындарын ашу жоспарланған. Сонымен қатар, 1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңы іске қосылады, 200 бастан жоғары 4 сүт фермасы ашылады деп күтілуде. 4 бірлік ірі құс фермаларын ашу және жалпы 270,0 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу да назардан тыс қалған жоқ. 4 бірлік тоқыма, тігін және 6 бірлік жүн, тері өңдеу кәсіпорындарының жұмысын бастау да көзделіп отыр.
Жалпы өңірімізде мал шаруашылығы да қарқынды даму үстінде. Республика бойынша ірі қара малдың 12,3 пайызы(1 035,2 мың), ұсақ малдың 22,5 пайызы (4 530,1 мың), жылқының 10,2 пайызы (385,3 мың), түйенің 14,5 пайызы (36,8 мың) және өндірілген еттің 11,4 пайызы (247,1 мың тонна), сүттің 12,1 пайызы (797,5 мың тонна) біздің облыстың үлесінде.
Мал азықтық қорды қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауға алынып, 5,2 млн. тонна мал азығы дайындалды. Бұл облыстағы мал басына жылдық қажеттілікті 1,3 есеге қамтамасыз етеді. Тұқымдық түрлендіруге ірі қара аналығының 19,8 пайызы, уақ малдың 47,4 пайызы түсірілуде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1 289 асыл тұқымды ірі қара мал, «Алтын асық» бағдарламасымен 45 590 уақ мал, «Құлан» бағдарламасымен 1 973 жылқы сатып алынды.
Айта кетейік, өңірде жалпы 9 185 мал бордақылау алаңы бар. Оның ішінде 400-ге дейін – 9 153, 400-ден жоғары малға – 10, 1000-нан асатын малға 22 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Облыс ет экспорты бойынша республикада 1-орында. Елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 75 пайызы, қой етінің 40 пайызы Түркістан облысының үлесінде.
Жыл ішінде 15,7 мың тонна ірі қара мал еті, 8 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.
Бүгінгі таңда облыста 8 ет өңдеу, 23 сүт өңдеу, 22 жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеп тұр. Өткен жылы қайта өңдеу көлемі 120,9 млрд. теңгені құрады.
Реті келгенде тоқтала кетейік, өңірімізде Ордабасы ауданындағы «Ордабасы құс» ЖШС-і (жылына 9,0 мың тн.), «Инфрастрой ЛТД» ЖШС-і (жылына 6,0 мың тн.), Қазығұрт ауданындағы «Қарқын-2030» ЖШС-і (жылына 2,8 мың тн.) ет өндейтін ірі кәсіпорындар болып саналады.
Ал, Төлеби ауданында «Фуд Мастер» ЖШС-і (жылына 76,2 мың тн.), Ордабасы ауданында «Бөрте Милька» ЖШС-і (жылына 17,5 мың тн.), Сайрам ауданында жылдық қуаттылығы 10,0 мың тонналық 4 кәсіпорын («Натур продукт» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС, «Озай Зеки» ЖК, «Рассвет» ӨК) сүт өндейтін ірі кәсіпорындар болып табылады.
Сонымен қатар, Сайрам ауданында «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-і (жылына 180,0 мың тн.), Ордабасы ауданында «Александровский сад» ЖШС-і (жылына 1,2 мың тн.), Қазығұрт ауданында «Көрік» ЖШС-і (тәулігіне 8,0 тн.) өлкемізде жеміс-көкөніс өңдейтін ірі кәсіпорындар.
Қазір облыста 1 967 ветеринар маман бар. Аудандық, қалалық ветеринариялық ұйымдар қажетті 257 техникамен және ветеринариялық препараттарды сақтауға қажетті тоңазытқыштармен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, бұйыртса ағымдағы жылы мал шаруашылығын дамытуда мал мен құс басын арттырумен қатар, 1000 бастан жоғары 38 бірлік ірі бордақылау алаңдарын ашып, жалпы 126,2 мың басқа бордақылау алаңдарын құру есебінен, сиыр етімен облыс халқын қамтамасыз ету көлемін 120,1 %-дан, 173,9 %-ға ұлғайтуға қол жеткізіледі. Ал республика халқын қамтамасыз ету көлемі 13,3 %-дан, 20 %-ға жетеді.
200 бастан жоғары 68 бірлік тауарлы сүт фермаларын
26,0 мың басқа құру есебінен сүт өндірісі қосымша 98,3 мың тн. ұлғайтылады.
Сонымен қатар, құс шаруашылығында 5000 бастан жоғары 365 бірлік отбасылық құс фермаларын, 18 бірлік құс фабрикаларын ашу есебінен, облыс халқын құс етімен қамтамасыз ету көлемін 11,6 пайыздан 45 пайызға, жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемін 45 пайыздан 60 пайызға жеткізілетін болады.
Бүгінгі күні облыста жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша 22, ет өнімдерін қайта өңдеуде 8, сүт өнімдерін қайта өңдеуде 23 кәсіпорын жұмыс істеуде. Аталған кәсіпорындардың басым бөлігінің құрал жабдықтарының тозығы жетуіне байланысты толық қуаттылықта жұмыс жасамай, бүгінгі күні өндірілген жеміс-көкөніс өнімдерінің 0,23 пайызы ғана, ет өнімдерін 12,3 пайызы, сүт өнімдерінің 13,6 пайызы қайта өңделуде.
Осыған орай, жаңадан қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу, кеңейту есебінен жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын 96 мың тн. арттырып, өңдеу үлесін 0,23 пайыздан 10 пайызға, ет өнімдерін өңдеу қуаттылығын 62,6 мың тоннаға арттырып, өңдеу үлесін 12,3 пайыздан 34,0 пайызға, сүт өнімдерін өңдеу қуаттылығын 71,0 мың тоннаға арттырып, өңдеу үлесін 13,6 пайыздан 31 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр.



