Бүгінде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді болып отыр. Елде мақта талшығын терең өңдейтін 3 кәсіпорын бар. Олар: «Azala Textile» ЖШС-і, «Azala Cotton» ЖШС-і, «Ютекс-KZ» АҚ-ы. Қазіргі таңда тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді, облыста өндірілген мақта талшығының 18 пайызға жуығы қайта өңделеді.
Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикаларын ашу көзделуде. Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады. Осыған орай, жалпы құны 22 млрд. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаларды мемлекеттік жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне.
Осындай шараларды жүзеге асыру мақсатында жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Өзбекстанның «Global Textile Group» компаниясы тобының жетекшісі Музаффар Разаковты қабылдады. Кездесу барысында Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамыту, мақта шитінің сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Өңір басшысы бұл салада екі жақты әріптестіктің екі тарапқа да пайдасы мол екенін айта келе, инвесторға алғысын білдірді.
– Жуырда инвестициялық штаб отырысында да хабарласып, әріптестік байланыстар бойынша кеңескен болатынбыз. Өзара түсіністік пен келісім бар. Енді нақты жұмысты бастау керек. Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді. 2022 жылы облыста 126,3 мың гектар мақта егіліп, орташа өнімділік 28,6 центнерді құрады. 361,8 мың тонна өнім жиналды. Бүгінгі таңда Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15%-ы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті ұлғайтуымыз керек. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда біздің болашағымыз зор деп санаймын, – деді Дархан Сатыбалды.
Өзбекстандық инвестор Музаффар Разаков та келісім бойынша жұмыс жүргізетіндерін, биыл нақты жоба қолға алынатынын жеткізді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі мен инвестор арасында бірлескен жұмыстар атқару бойынша Жол картасы әзірленген. Соған сәйкес, биыл Мақтаарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалып, 10 мың гектарға мақта егіледі. Ол үшін Өзбекстаннан жоғары сапалы 300 тонна мақта тұқымы жеткізілмек. Жоғары сапалы мақта шығатын болса, Жол картасындағы жоспар бойынша келесі жылы мақталық алқаптар 20 мың, одан кейін 30 мың, 40 мың, 2026 жылы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Өнімді мақтааралдық шаруалардан «Global Textile Group» компаниясы жоғары бағада сатып алады. Ал, Жол картасының екінші және бесінші кезеңдері аралығында тиісті инфрақұрылымы бар мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб жасақталады, мақта кластері дамиды. Тиісті учаске беріліп, инфрақұрылым әзірленген соң 2026 жылы Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін-тоқыма фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр.
Жалпы қазіргі таңда Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынады. Жоғарыда айтып өткеніміздей шитті мақтаны сатудан бөлек мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ. Осы саладағы өзекті мәселелер өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен мақта зауыттарының басшылары мен шаруалардың кездесуінде талқыланды. Тараптар талап-тілегін ортаға салды. Шаруалар мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру мәселесін көтерді. Мақта өсіріп, оны терең қайта өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалады.
– Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынуы – заңдылық. Бұл тұста Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңыз-ды, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
– Біздің өңірімізде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы индустриалды аймақта мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді. Өңірлік бағдарлама қабылданып, осы бағыттағы жұмыстарға күш саламыз. Өйткені, жеңіл өнеркәсіпті арттыру жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік береді. Мақта кластерін дамыту бойынша да жұмыс атқарылады, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді. Елде мақта талшығын терең өңдейтін тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондықтан облыста өндірілген мақта талшығының небәрі 15%-ы ғана қайта өңделеді. Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін алдағы 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу көзделуде. Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады.
Қазіргі таңда жалпы құны 22 млрд. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны мемлекеттік жылдық 4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде ҚР АШМ-ға ұсыныс енгізілді. Мақтаарал индустриалды аймағында орналасқан «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты өткен жылы іске қосылған. Жоба құны – 2,5 млрд теңге. Жылына 65 мың тонна мақтаны қайта өңдеуге қауқарлы. Мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жалпы Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін мата фабрикасы салынатын болады. 10 мың гектарға өзбекстандық жоғары сапалы мақта сорты өсіріліп, жыл сайын ауқымы арттырылады. Мақтааралдағы индустриалды аймақта сондай-ақ, тәулігіне 32 мың шұлық, 500 костюм тігілетін өндіріс орны ашылады деп күтілуде.
Айта кетейік, республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша да облыс алдыңғы қатарда келеді. Соның ішінде өндірілген мақтаның 100 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Былтыр өңірімізде 126,3 мың гектарға мақта егілді. Шитті мақтаның түсімділігі гектарына 2,4 центнерге артып (гектарына 28,6 центнерден), 362,0 мың тонна «ақ алтын» жиналды.



