Биыл облыста жылыжай көлемі 690 гектарға ұлғайтылып, 2259 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, алынған өнім көлемі 3 есеге дейін артып, 243,8 мың тонна өнім өндіріледі. «Қазіргі таңда 500 гектарға жылыжайларға агроиндустриальды аймақ құру жобасы бойынша Келес, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында жер телімдері нақтыланды. Сайрам, Сарыағаш аудандарында жер телімдерін бөлу мәселелері қарастырылуда. Агроиндустриальды аймаққа 500 га жылыжай салуға жеңілдіктер қарастыру мақсатында несие желілерін ашу, «Инвестициялық салымдарды субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде фермерлік жылыжайларды инвестициялық субсидиялауға жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министріне ұсыныстар енгізілді.», — дейді сала мамандары.
Айта кетейік, былтыр облыстағы жылыжайлардың көлемі 101 гектарға артып, жалпы көлемі 1 569 гектарды құрады. Елдегі жылыжайлардың 71 пайызы Түркістан облысында.
Бұйыртса, Ресейдің жылыжай саласындағы көшбасы компаниясы «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі Түркістан облысында 500 гектардан асатын жылыжай кешендерін салады. Биыл құрылысы басталатын жылыжайда 51 гектар жерге қызанақ егіледі. Ауқымды құрылыс жұмыстары жоспар бойынша наурыз айында басталып, бір жылдан соң іске қосылады. Жылыжай мегакешенінің жобасы серіктес «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің қазақстандық «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы жүзеге асырылмақ.
Бүгінде жоба аясында инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Келес ауданында жүзеге асатын инвестициялық жоба 1 мыңға жуық адамға жұмыс орнын құруды көздейді. Сонымен қатар, инвесторлар агросала мамандарын даярлайтын ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандарды дайындауды қолға алмақ.
«ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі қызметінің негізгі түрі – өндірістік циклі жыл бойы жалғасатын жабық топырақта көкөніс өсіру. АӨХ құрамына Ресейдің бірнеше облысындағы жұмыс істеп тұрған жылыжай кешендері кіреді. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін климаттық жағдайы қолайлы саналатын оңтүстік өңірі арнайы таңдалған. Жобаны қаржыландыруды жеке қаржыландырудан бөлек банк арқылы жүзеге асыру жоспарлануда.
– Бұл өңірімізде жүзеге асатын маңызды жобалардың бірі болмақ. Ауыл шаруашылығы саласында мамандардың біліктілігін арттыру да өте маңызды мәселе. Жоба аясында жерлестеріміз үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс әрқашан жоғары. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту – кезек күттірмес міндеттердің бірі. Осындай ірі жобаны жүзеге асыру біз үшін маңызды, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Соңғы уақытта сарыағаштық диқандар да тропикалық жемістер өсіруге ден қоя бастады. Мәселен, соңғы 10-15 жыл ішінде бұл іспен тек Жартытөбе ауылдық округі ғана айналысса, қазір өзге ауыл-аймақтар да осындай жеміс өсіруді қолға ала бастады. Әсіресе, аудан шаруалары үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдалануда. Айта кетейік, Бүгінгі таңда ауданда 683,2 гектар жылыжай бар. Былтыр осы жылыжайлардан 95 мың тоннадан астам өнім жиналды.
Мәселен, Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекенінің тұрғыны Манатәлі Тансықбаевтың «Даян» шаруа қожалығына тиесілі 60 сотық жылыжайында бүгінде «Мейр» сұрыпты лимоны өсірілуде. Кәсіпкер: «Алғашқы екі жылда көшеттің гүлдерін теріп алып тастау қажет, сөйтіп оның бойын өсіруге күш салу керек. Осы әдісті қолданғанда үшінші жылы көшет 20 келі, төртінші жылы 50 келі өнім бере бастайды. Жыл өткен сайын берер жемісі де молая түседі. Қазір жылыжайдан 50-60 тонна өнім жинаудамыз», – дейді.
Жиналған өнім әзірге ішкі нарықта саудалануда. Сонымен қатар, жылыжайда лимон өсіргісі келетіндер кәсіпкерден қаламшадан өніп шығатын лимон көшеттерін алып кетіп жатыр.
Сайрам ауданында да жылыжай шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Сала мамандары Сайрамдық шаруалардың көкөніс дақылын егуде өзге диқандардан кем түспейтінін айтады. Әсіресе ауданда, жаңа технологиямен жабдықталған өнеркәсіптік жылыжайлардың саны артуда. Айталық, Ақсукент ауылында көлемі 6 гектарды құрайтын жылыжай бар. Өндірістік жылыжай голландиялық технологиямен салынған. Мұның топыраққа негізделген фермерлік жылыжайдан айырмашылығы мұнда топырақ мүлдем қолданылмайды. Көшет арнайы ыдыстағы тыңайтқышқа отырғызылады екен.
— Бұл Шри-Ланкадан келеді, «кокос субстраты» деп аталады. Бұларды 2 жылға дейін қолдануға болады. Мұның бір ерекшелігі – жердің құрамында өсімдікке қажет емес элементтер болуы мүмкін. Бұның құрамында тек минералды тыңайтқыштардың тек керегін ғана өлшеп, беріп отырады. Сосын бұдан жылыжайға қарағанда өнімді 10 есеге дейін көп алуға болады. Мамандар жыл басында көшет отырғызуды бастады. Одан кейін наурыздан қара күзге дейін өнім жинайды. Шаруалар жылыжайдың әр гектарынан 400 тоннадан өнім алуды көздеп отыр. Жалпы жылына 2400 тонна көкөніс алуға мүмкіндік бар екенін айтады. Агроөнеркәсіптік кешенді іске қосу үшін кәсіпкер қаржы ұйымынан 2 млрд 100 млн теңге несие алған. Оның 25 пайызын мемлекет өтеп бермек. Жылыжай толық автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді, — дейді Жарқын Байдуллаев, жылыжай директорының орынбасары.
Ал, аудан әкімінің кеңесшісі Рысқұл Оспанұлы: «Өндірістік жылыжайдың бір ерекшелігі аз шығын мен көп өнім алады. Жерге егетін жылыжайда шығын көп кетеді. Суды үнемдемейміз, өңдеу жұмыстары бар. Ал мұнда компьютерлік тәсілмен тамшылатып суару әдісімен суғарылады. Тек көшетті егу ғана қолмен, басқасының бәрі автоматты жүйемен істейді».
Мамандардың айтуынша, Сайрам ауданында көлемі 60 гектарды құрайтын 110 жылыжай бар. Оның 32 гектары — өндірістік жылыжай. Биыл олардан 14 мың тонна көкөніс өндірілген. Негізгі өнім еліміздің солтүстік облыстары мен Ресейге жөнелтілген.



