Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылы саласы бойынша жалпы соммасы 329,1 млрд. теңгені құрайтын 110 инвестициялық жоба іске асырылады. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Атап айтар болсақ, Шардара ауданында «Жылына 100 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты», Төлеби ауданында «Жылына 220,0 млн. жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы», Ордабасы ауданында «40,0 мың басқа бордақылау алаңын салу», Келес ауданында «51 гектарға жылыжай кешенін салу», Арыс қаласында «4 500 га жаңбырлатып суару технологиясын енгізу». Түркістан қаласында «5200 тоннаға жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын» салу жобаларын жүзеге асыру жұмыстары басталды.
Айта кетейік, Шардара ауданында салынатын қуаттылығы жылына 100 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы, жүгері дақылын тереңдетіп өңдейтін зауыт іске қосылса 500 адамды жұмыспен қамту көзделген. «Біз зауытты іске қоспай тұрып ауданнан жүгері дақылын егуге арналған аумақтарды белгілеудеміз. Шикізат қоры мол болу керек. Сонымен қатар Шардара ауданының диқандарынан жүгеріні шикізат ретінде қабылдауға әзірміз. Ол үшін зауыт шаруаларға көмектесуге дайын» деді инвесторлар.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай зауыт құрылысына қажетті инфрақұрылым мәселесін шешуге аудан әкімдігі қажетті көмек беретіндігін айтады.
Келес ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма салынбақ. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың мәлімдеуінше, жалпы құны 650 млн. теңгені құрайтын бұл жоба жеке кәсіпкер Нұржан Умаровтың бастамасымен қолға алынуда. Егер жоба нақтыланатын болса, 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылады. Қойманың сыйымдылығы шамамен 1000 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда бастаманы жүзеге асыру бойынша тиісті шаралар жүргізілуде.
Биыл мұнда ауданда ет өңдеу және шұжық өнімдерін өндіру зауытының құрылысы басталады. Келес ауданында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 107,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22,2 млрд. теңгеге артқан. Кәсіпкерлік саласы бойынша былтыр жалпы құны 70 млн. теңгені құрайтын екі жоба іске асқан. Сондай-ақ, барлығы 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылған.
– Келес ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті жоғары шекаралық аумақ ретінде танылған. Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылы осы салада өндірілген өнім көлемі 70,4 млрд. теңгені құрады. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 26,3 мың гектарға кеңейтіліп, 1,8 мың гектарға артты. Биыл ауданымызда инфрақұрылым жүйелерін жаңартуға басымдық бере отырып, бірқатар жобаларды жүзеге асырмақпыз, – деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Былтыр облыста ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд. теңге инвестиция тартылды немесе өсім +18,7 пайыз болды, тамақ өнеркәсібіне 10,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім +7,4 пайызды құрады.
Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында 19,5 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 671 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 30,3 млрд. теңге бөлініп, 25 112 агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қолдау көрсетілді.