Ресейдің жылыжай саласындағы көшбасы компаниясы «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі Түркістан облысында 500 гектардан асатын жылыжай кешендерін салмақ. Бұйырса, ол жылыжайда 51 гектар жерге қызанақ егілмек. Ауқымды құрылыс жұмыстары жоспар бойынша наурыз айында басталып, бір жылдан соң іске қосылады. Облыс әкімі аталған жобаның маңыздылығын атап өтті. Жылыжай мегакешенінің жобасы серіктес «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің қазақстандық «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы жүзеге асырылмақ.
Қазір осы бағытта инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Келес ауданында жүзеге асатын инвестициялық жоба аясында 1 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Инвесторлар агросала мамандарын даярлайтын ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандарды дайындауды қолға алмақ.
«ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі қызметінің негізгі түрі – өндірістік циклі жыл бойы жалғасатын жабық топырақта көкөніс өсіру. АӨХ құрамына Ресейдің бірнеше облысындағы жұмыс істеп тұрған жылыжай кешендері кіреді. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін климаттық жағдайы қолайлы саналатын оңтүстік өңірі арнайы таңдалған. Жобаны қаржыландыруды жеке қаржыландырудан бөлек банк арқылы жүзеге асыру жоспарлануда.
Алдағы уақытта бұл заманауи жылыжай кешені өсіп жатқан дақылдардың толық циклін бақылайтын, жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталатын болады.
Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс әрқашан жоғары. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту – кезек күттірмес міндеттердің бірі екені сөзсіз. Дегенмен, дәл қазір өңірімізде жылыжай саласында бірқатар мәселе бар. Орайы келгенде олар туралы да айта кетейік. Біріншіден, жылыжай иелерінің өнімдерді 70 пайызын нарықтық бағамен, ішкі нарыққа шығармайтыны. Яғни көп жағдайда көкөніс пен жеміс-жидектің басым бөлігі шетелдіктерге емес, Қазақстан халқына қолжетімді болуы тиіс екені ескерілмейді.
Осыған байланысты қазір ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі жылыжай иелеріне мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие берудің тетіктері қарастырылып жатыр.
— Алайда, ол үшін жылжай иелері өз істерін заңдастыруы керек. Қазіргі жағдайда бұл да кедергі болып тұр. Өйткені, жылыжайлардың 90%-дан астамы құжаттандырылмаған. Сосын гектарлық субсидия беріледі. Ол үшін белгілі стандарттар бекітіледі. Олар сертификатталады. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік органдар тарапынан ережелер бекітіледі. Ал, қардан қираған жылыжайлар стандарттарға сәйкес емес жеңіл темірден құрастырылған, — дейді сала мамандары.
Екіншіден, келер жылы көмір тапшылығын болдырмау үшін осы бастан іс-әрекетке көшу керектігін уақыт көрсетіп берді. Алыпсатарлардан арылу үшін шаруалар кооператив құрып, тапсырысты ерте және нақты мөлшерде беру керек екенін де айта кетейік. Отынды алдын-ала сатып алып, сақтау үшін қауіпсіздік шараларының қамтылуы міндетті. Яғни жер асты не жер үстінде қойма болуы тиіс.
— Жылыжай шаруашылықтарына ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта өсіруді субсидиялау (гектарлық субсидия) бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, жылыжай кешендерін қолдау үшін, айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Кең-дала» бағдарламасы шеңберінде арнайы жеңілдетілген қаржыландыру механизмін ендіру қажет, — дейді сала мамандары.
Жалпы жылыжайлардың 94%-ы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы жылыжайлар болғандықтан 100-ден астам тауар өндірушілердің 37 гектар жылыжайлары қар салмағын көтере алмай жарамсыз күйге түсті. Сонымен қатар 9 гектарды құрайтын 3 өнеркәсіптік жылыжайлардың өнімдерін үсік шалды.
Зардап шеккен жылыжайлар көлемі – 46 гектар.
Айта кетейік, республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы Түркістан облысының үлесінде деуге болады. Нақты айтар болсақ, бүгінде өңірімізде е 1 569 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай бар. Бүгінгі таңда өңірімізде жылыжайы бар қаншама жеке кәсіпкерлер қаржылық шығынға ұшырап отыр. Әкімдік тарапынан тауар өндірушілердің мүлкіне келтірілген нұқсан жөнінде акті ұсынылған жағдайда қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің өтеу мерзімдерін 1 жылдық мерзімге кейінге шегеру жөнінде ұсыныстар жолданады. Сондай-ақ зардап шеккен жылыжайларға қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шаруалармен кездесуде жылыжай шаруашылықтарының қазіргі жағдайы және оның өндірісін дамытуға байланысты ұсыныстар ортаға салынды. Әкімдік тарапынан тауар өндірушілердің мүлкіне келтірілген нұқсан жөнінде акт ұсынылған жағдайда қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің (несие қаржы) өтеу мерзімдерін 1 жылдық мерзімге кейінге шегеру жөнінде ұсыныстар жолданып отыр. Ірі жылыжай кешендері мұндай жағдайға дайын болғандықтан шығынға ұшырамағаны белгілі болды. Оның үстіне бизнесі сақтандырылғандықтан, шығындарды заң жүзінде өтеу жағы қаралған. Зардап шеккендер негізінен шағын жылыжайлар. Қазіргі таңда оларды қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, жоғарыда айтып өткендей жылыжайлардың 90 %-дан астамының құжаттары жоқ не түгел емес. Соның салдарынан шаруаларға қаржылай қолдау жағында біраз кедергілер кездесуде. Қиындықтар тууда.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, қалың қардың салдарынан құлаған жылыжайлардың басым бөлігінде егін егу жұмыстары әлі басталған жоқ.