Бүгінде облыста алма өндірісін арттыру бойынша қарқынды баулар көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасын табуда. Биылғы жоспар бойынша егіс көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі деп күтілуде (+3780 гектар). Нәтижесінде облыс халқын алма өнімімен қамтамасыз ету көрсеткіші 125,1 пайыздан 153,5 пайызға артатын болады.
Айта кетейік, мұнымен қатар, қазіргі таңда облыста жалпы сиымдылығы 38,0 мың тоннаны құрайтын 20 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қаймалары бар. Ал облыста жылына 1,7 млн. тоннаға жуық жеміс-көкөніс, картоп өнімдері өндіріледі. Сондықтан бүгінгі күні аудан, қала әкімдіктерінің маусым аралық кезеңде баға тұрақтылығын сақтау шараларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндіктер жоқ. Осыған орай, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен әзірленген Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 142,3 мың тонна жаңа қуаттылықтарды құра отырып, маусым аралық кезеңде жылына 250-300 мың тоннаға жуық тауар айналымын жасауға қол жеткізілетін болады.
Былтыр өңірімізде көкөніс, бақша, картоп дақылдарының түсімділігі гектарына 9,5 центнерге артып (гектарына 239,4 центнерден), 2,9 млн. тонна өнім өндірілді. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағдарламасы бойынша 123 ауыл округінде 8,4 мың гектарды құрайтын 2 911 жоба жүзеге асырылып, 294 мың тонна өнім өндірілді.
Сонымен қатар, облыста қарқынды бау 4,7 мың гектарды құрады. Дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баудан гектарына 300-350 центнер өнім алынуда. Республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша да облыс алдыңғы қатарда, өндірілген мақтаның 100 пайызы, жүзімнің 76 пайызы, бақшаның 64 пайызы, жеміс-жидектің 40,0 пайызы, мақсарының 29 пайызы, жүгерінің 26 пайызы, көкөністің 25 пайызы Түркістан облысының үлесінде.
Айта кетейік, Сайрам ауданындағы Қарасу ауылдық округінде қарқынды бау шаруашылығы жылдан-жылға дамып келеді. Белгілі кәсіпкер, «Dala fruit. kz» ЖШС-нің басшысы Болатбек Нәжіметдинұлы тамшылатып суару әдісімен қарқынды бау өсіру аясында бірнеше жобаларды іске асырып келеді. Мәселен, алма сұрыптарына, сақтау қоймаларына, шырын дайындау әдісіне арналған жобалармен мұнда сонымен қатар 302 гектарға жуық бауда алма және қара өрік жеміс ағаштарын өсіріліп келеді. Жоба бойынша 2013-2016 жылдар аралығында 102 гектарға алма, 5 гектарға қара өрік көшеттері отырғызылған. Ол «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Бақ заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, мұнда тамшылатып суару әдісі қолданылады. 77 жұмыс орны ашылған. 2020 жылы баудан 4000 тонна алма, 100 тонна қара өрік жиналыпты.
Бүгінгі таңда сыйымдылығы 15500 тонналық көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма іске қосылған. Бұдан бұрын 2017 жылы сыйымдылығы 8200 тонналық, 2019 жылы сыйымдылығы 7300 тонналық қоймалар салынған болатын. 2018 жылы кәсіпорында тауарлы емес (падалица) алманы қайта өңдейтін цех іске қосылып, 12 жұмыс орны ашылған.
«Жобаның қуаттылығы – жылына 11 мың тонна тауарлы емес алманы қайта өңдеп, 7,7 млн. литр алма шырынын шығару. Жобалардың жалпы құны 6,17 млрд. теңгені құрады. Жоба бойынша мемлекеттік инвестициялық субсидиялар тұрақты берілуде. Серіктестіктің өндірген өнімдеріне сұраныс жоғары. Табиғи және таза өнімдер Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарына сатылымға шығарылуда», — дейді Болатбек Нәжіметдинұлы.
Қазіргі таңда өңірімізде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен егістікті әртараптандыру, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.