Облыста жер қойнауын, табиғи байлықтарды заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтілуде. Аудан, қала әкімдері мен құқық қорғау органдары осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруда. Лицензияны берген соң келісімшарттың әрбір бөлігі орындалуын қадағалау керек. Өкінішке қарай, әлі де заңсыздықтар тоқтамай тұр. Сондықтан, облыс әкімі Дархан Сатыбалды лицензияға қатысты құжаттарды қатаңдатуды тапсырды.
— Лицензиялау шарттары өзгертілсін. Әрбір жер қойнауын пайдаланушы тек өзіне бекітілген аумақты ғана қазып, жұмыс істеуі қажет. Өзендердің арнасын кеңейтуге, экожүйені бұзуға жол берілмейді, – деді Дархан Сатыбалды.
Инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, 2021-2023 жылдар аралығында келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 27 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған. 2 жер қойнауын пайдаланушының жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. 11 жер қойнауын пайдаланушының жерін қайтару бойынша сотқа талап арыздар жолдануда.
Былтыр 30 жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін толық орындалмағаны анықталып, ескертпе хаттар жолданып, аталған кемшіліктер жойылған. Облыс аумағында орналасқан 40 жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қазбаларды өндіру аумақтарына маркшейдер маманымен мониторинг жұмыстарын жүргізілді. Нәтижесінде 27 жер қойнауын пайдаланушының жұмыстарынан кемшіліктер анықталып, Полиция департаментіне материалдар жолданған. Қазіргі таңда, Полиция департаменті тарапынан 12 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыс аумағында орналасқан Ақсу, Боралдай, Бадам өзендерінің су қорғау белдеуінде орналасқан 12 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылды.
– Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшартта көрсетілген аумақтарына мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте инженер маркшейдер маманының қызметіне жүгінеміз. Сондықтан маркшейдер қызметін пайдалануға тиісті қаржы бөлуді ұсынамыз, – деді басқарма басшысы.
Түркістан облысының Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов 2022 жылы жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша кезекші бөлімдерге 127 арыз бен хабарлама тіркелгенін мәлімдеді. Құқық бұзушылық құралы ретінде пайдаланылған 28 техника, оның ішінде 7 жүк арту техникасы заңды шешімдер қабылданғанша уақытша айыптұраққа қойылған.
Жалпы заңсыз жер қойнауын пайдалануға қатысты әрекеттер негізінен Ақсу, Бадам, Келес өзендерінің бойында тіркелуде. Кентау қаласы мен Отырар ауданы аумағында да қазу деректері жиі кездесуде. 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 334-бабымен (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану) жалпы 28 іс тіркелген.
Реті келгенде айта кетейік, облыстағы барлық жер қоры 11 млн. 610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында – 4 518,5 мың гектарды, елді мекендер – 799,7 мың гектарды, өнеркәсіп, байланыс және т.б. – 125,1 мың гектарды, ерекше қорғалатын аймақ – 430,4 мың гектарды, орман қоры – 3 029,7 мың гектарды, су қоры – 134,5 мың гектарды, босалқы – 2 572,4 мың гектарды алып жатыр.
2022 жылы 521,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды (оның ішінде жайылым 518,5 мың гектар). Елді мекен тұрғындары 1 034,8 мың гектар ортақ жайылым жерлермен қамтамасыз етілді (қайтару жолымен – 412,2 мың га, меморандум арқылы – 622,6 мың га).



