Жетісай ауданына қарасты Абай ауылдық округінде шаруалар қырыққабат еге бастады. Жалпы биыл ауданда 44 мың гектар жерге мақта, 6 мың гектар жерге дәндік жүгері, 19 мың гектар алқапқа бақша, 3,3 мың гектар жерге көкөніс, 727 гектар алқапқа күріш, 6 мың гектар алқапқа мал азықтық дақылдарын егу жоспарлануда.
Мамандардың мәліметі бойынша ауданда өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы 105,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 3,8 млрд теңгеге жеткен. 78,5 мың гектар жердің 49,5 мың гектарына мақта, 15 мың гектардан астамына бақша, 10,7 мың гектарына мал азықтық өнімдері болса, 3,2 мың гектарына көкөніс пен басқа да дақылдар егілген.
Жалпы облыста егіс көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артып, 859,9 мың гектарға егін егілді (2021 ж. – 845,5 мың га). Оның ішінде дәнді және бұршақтық дақылдар 313,7 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 220,9 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 119,4 мың гектарға, майлы дақылдар 79,9 мың гектарға егілді.
Сондай-ақ, 126,3 мың гектарға мақта егілді. 72,3 мың тонна минералды тыңайтқыш 50% жеңілдікпен тауар өндірушілерге жеткізілді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 96 мың тонна жанар-жағармай босатылды. Агротехникалық іс-шараларды тиісті деңгейде жүргізудің нәтижесінде дәнді дақылдар түсімділігі гектарына 4,9 центнерге артып (гектарына 24,8 центнерден), 778,0 мың тонна өнім өндірілді. Көкөніс, бақша, картоп дақылдарының түсімділігі гектарына 9,5 центнерге артып (гектарына 239,4 центнерден), 2,9 млн. тонна өнім өндірілді.



