Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровке 2023 жылы 19 наурызда өтетін кезектен тыс сайлау науқанына дайындық барысы таныстырылды. Алдымен «Ұлы дала елі мұражайы» ғимаратында практикалық семинар өтті. Онда аумақтық сайлау комиссиясы және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерімен практикалық негізде іскерлік ойын жүргізілді.
Атап айтқанда, УСК мүшелері мен байқаушылардың міндеттері, дауыс беру кезінде орын алатын ситуациялық жағдайлар, сайлаудың әділ өтуін қадағалау, бекітілген нұсқаулыққа және тәртіпке сай жауапкершілікпен атқару, құқықтық қолдау, мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруге қолжетімділігін бақылау, тыйым салынған шектеулер жайы ортаға салынды. Жауапты өкілдер сайлау учаскесі ашылған сәттен бастап, дауыс беру аяқталғанға дейінгі кезеңді қамтып, сипаттайтын іскерлік ойынға қатысты.
Практикалық семинар соңында ОСК төрағасы Нұрлан Мәжитұлы республика көлемінде сайлау комиссиясының мүшелері, байқаушылар, құқық қорғау органдары және БАҚ өкілдері үшін арнайы оқыту тренингтері өткізіліп жатқанын мәлімдеді. Өйткені, бұл жолғы сайлау жаңа заңнамалық өзгерістерге байланысты өткізіледі. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, өңір көлемінде 14 ақпан – 10 наурыз аралығында 1700-ден астам байқаушы семинар-тренингтен өткен.
Сапар барысында төраға Түркістан қаласында орналасқан сайлау учаскелерін аралады. Делегацияға ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі №25 округтік комиссиясы және №900 учаскелік сайлау комиссиясының дайындық жұмысы баяндалды. ОСК хатшысы Ерман Мұхтар сайлау науқанын өткізу бойынша Түркістан өңірінде атқарылып жатқан шаралар туралы пікір білдірді.
— Сапар аясында ел үшін өзекті де маңызды мәселелер талқыланды. Сайлау учаскелерін аралап, тұжырымдадық. Біріншіден, комиссиялар толық жасақталған. Екіншіден, комиссия мүшелерін оқыту жүргізіліп жатыр. Үшіншіден, техникалық тұрғыдан, учаскелео байланыс пен қажетті құрал-жабдықтармен қамтылғанын өз көзімізбен көріп, таныстық. Жауапты өкілдермен тілдестік. Меніңше, Түркістан облысында сайлау науқанына дайындық өз деңгейінде, — деді Ерман Тілдәбекұлы.
Мұнан соң аталған делегация облыс, қала және аудандардың тұрақты кәсіби негізде жұмыс жасайтын АСК мүшелерімен кездесіп, жұмыс сапары қорытындыланды.