Отырар ауданында қазіргі таңда 16 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Оның ішінде қуаттылығы тәулігіне 50 мВт-ты құрайтын «Arm Wind» серіктестігінің күн электр станциясы салынып жатыр. Балық шаруашылығына қажетті құрама жем шығару жобасы да қолға алынбақ. Бұл жобаның құны – 1,2 млрд. теңге. Сонымен қатар, құны 1,1 млрд. теңгені құрайтын «Ontustik Altair» 400 ірі қара малға арналған сүт фермасы және жем шығару цехы да іске қосылады деп күтілуде. Жалпы ауданды дамытуға арналған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Ал, жақында Арыс қаласында «Мүбарак Агро» серіктестігі құны 600 млн. теңге болатын мал бордақылау алаңын ашты. «Алаш Логистик» серіктестігі 5 мың басқа арналған уақ мал бордақылау алаңының құрылысын аяқтады. Балық шаруашылығы қарқынды дамуда. «Дермене Агро Груп» тоғанда 30 мың шабақты өсіруді қолға алды. Әрі қарай, шаруашылықты ұлғайту мақсатында 300 млн. теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.
Айта кетейік, былтыр облыста ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд. теңге инвестиция тартылды немесе өсім +18,7 пайыз болды, тамақ өнеркәсібіне 10,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім +7,4 пайызды құрады. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында 19,5 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 671 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 30,3 млрд. теңге бөлініп, 25 112 агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қолдау көрсетілді. Егіс көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артып, 859,9 мың гектарға егін егілді
Ал, жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 2022 жылға 815,4 млрд. теңге болып жоспарланып, жыл қорытындысында 866,6 млрд. теңгеге немесе 115,5 млрд. теңгеге артық орындалды. Өнеркәсіп өнімінің 49,1%-ын құрайтын тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазу саласында 425,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.2022 жылы жалпы құны 17,7 млрд. теңгені құрайтын 18 жоба іске қосылып, 986 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 10 маңызды жоба анықталды. Бұл жобалар өңірге 1,5 трлн. теңге инвестиция тартып, 3 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.