Түркістан облысында жайылымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы тапсырмасының орындалу барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Жаңа форматта өткен отырыста баяндалған тақырыпқа қатысты шешілмеген мәселелер бөлек қаралды. Яғни, әрбір баяндамаға қатысты облыс әкімі аппараты тарапынан сараптама жасалып, кемшіліктер сараланады. Былтыр Түркістан облысында 412,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 622,6 мың гектар жер елге ортақ пайдалануға берілген. Осылайша, 1 млн. гектардан астам жайылым тапшылығы шешімін тапқан.
– Жайылым жер тапшылығы мәселесін шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру керек. Бұл – ел үшін аса маңызды. Бірнеше аудан, қала әкімдіктері тарапынан жерді қайтару жұмыстарында кемшілік анықталып отыр. Бекітілген жер телімдеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, мақсатсыз пайдаланылған жерді мемлекетке қайтару үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын. Жайылым жерлерлерді конкурс арқылы беру барысында ең бірінші кезекте елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету ескерілуі қажет. Бұл күнделікті жұмыс болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын арттыру көзделген. Нәтижесінде 2024 жылға облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 1107,8 мың гектарды құрайды.
Жыл қорытындысымен 333,2 мың га жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылып, елді мекендердегі жайылым жүктемесінен 681,8 мың га кемиді. Ортақ жайылым жерлерді қайтару барысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысының баяндамасы тыңдалды. Түркістан облысында жайылым жердің жалпы аумағы 8 млн. 860 мың гектардан асады. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында.
Облыс әкімі көптің көкейіндегі мәселенің шешілуі қатаң бақылауда екенін айтты. Төрт түлігімен күн көрген ауылдағы ағайынға жетпеген жайылым проблемасына қатысты жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
«Қолжетімді жайылым» жобасы аясында облыс әкімдігі облыстық прокуратура мен бірлесе іс-шаралар жоспары әзірленіп, жұмысшы топ құрамы бекітілді. Жұмысшы топ тарапынан ауылдардағы нақты мал басына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық округтердің жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары әзірленді. Зерделеу жұмыстарының барысында «Ауыл шаруашылығы жануарларды бірдейлендіру» (ИСЖ) базасындағы жұртшылықтың нақты мал басымен ауылдық округ әкімдерінің статистикалық басқармаға ұсынған ақпаратында айырмашылықтар анықталуда.
– Пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді алып қою жөніндегі ведомствоаралық жұмысшы топтың іс-шаралар жоспарына сәйкес, Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесе 2023 жылға 330,0 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілген, – деді Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген.
2022 жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мақсатына сай пайдалануына космомониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 4543 жер пайдаланушының 560,6 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерінің мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталған.