Кентау қаласы Ынтымақ алаңында бес мың жылдық тарихы бар ұлысымыздың ұлы күні – Наурыз мейрамын думандатып атап өтті. Дархан даламыздың алтын босағасын аттаған Наурыз мерекесіне арналған концерттік бағдарлама «Наурыз» хореографиялық композициясынан басталып, «Ауыл жатыр той жасап» театрландырылған мюзикл көрінісмен жалғасты. Құттықтау сөзді алған қала әкімі Жандос Тасов қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.
«Қарт Қаратаудың бойында орналасқан қасиетті қаламыз Кентауымыз қанатын кеңге жайып, жылдан жылға түрленіп келеді. Тарих болып өткен жылдар ішінде баршамыздың ынтымағымыз бен берекелі ісіміздің арқасында қала аумағында ауқымды жұмыстар жоспарланып, жүзеге асуда. Біз алдағы уақытта ауқымды тірліктер атқаруды жоспарлап отырмыз. Қаламызды одан әрі абаттандыру мақсатында, кешенді жобаларды кезең-кезеңімен іске асыратын боламыз.
Біздің халқымыздың бір ғана байлығы бар ол еліміздің бірлігі. «Ағайын тату болса ат көп» деген даналарымыздың өсиетін ту еткен халқымыздың басынан бірлік кетпесін» деп, ізгі тілегін жеткізді.
Кентау қалалық №5 Жылу орталығының бір топ жұмысшыларына, қыстан аман шыққаны үшін, тынымсыз еңбектерін елеп «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
Тарихы терең Наурыз мерекесі тек той ғана емес, тұтас жұрттың тағлымға толы игі дәстүрі, асылы бойымызға сіңген ата салтымыз. Мерекеге арналған алаңда киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылды. Қала әкімі ұлттық құндылығымыздың бірі тұсау кесер рәсімін өткізді. Үш бірдей бүлдіршінге ақжол тілеп, тұсауларын кесті. Мерекеде тұрғындарға 600 литр Наурыз көже, 100 кг палау, 100кг бауырсақ таратылды. Алаңда спорттық ойындар арқан тарты, асық аты, қол күрес ойындары ойналып, мықтылар сынға түсті.
Ынтымақ алаңына жиналған тұрғындардың қарасы қалың. Мерекені көтеріңкі көңіл күйде атап өтуге тұрғындар атсалысты.
Айта кетейік, Наурыз айын біздің дана халқымыз бірлік пен татулықтың, молшылықтың бастауына балап, «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп те атайды. Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы да барлық қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық мерекеге айналды. Көктем мезгіліндегі күн мен түннің теңелуін ежелден ата-бабаларымыз Ұлыстың ұлы күні деп атаған.