Бұл туралы аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың кезекті аудан тұрғындарымен өткен кездесуінде мәлім болды.
Кездесу барысында Ұшқын ауылдық округінің тұрғындары егін алқаптарына ағын суды жеткізу мәселесін көтерді. Әкім аудан аумағына келетін ағын судың 80 пайызы көрші Өзбекстан Республикасынан келетінін айтты, вегетациялық кезеңде кезекпен су алу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Ауданға келетін суды егіннің басына кедергісіз жеткізу мақсатында биыл жалпы 75 канал мен қашыртқылардың жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, нақты 270,3 шақырым аумаққа жөндеу және механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауда тұрғындар тарапынан Біртілек ауылдық округіндегі Тартулы каналын тазалау, мектеп салу мәселелері көтерілді.
Аудан әкімінің сөзінше, Біртілек елді мекенінде «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде оқу ғимаратының құрылысы басталып, ауыл жаңа мектеппен толықпақ. Ал Тартулы каналын тазалаудан өткізу бойынша облыстық салалық басқармаға сұраныс жіберілгендігін жеткізді.