Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының кәсіпорындар ашу, индустриалды аймақтарды көбейту бойынша тапсырмасы аясында облыстағы аудан және қалалардың мүмкіндіктері зерделенуде. Осы орайда, Жетісай ауданында «Жетісай» индустриалды аймағын» ашу ұсынысы жан-жақты қаралды. Бұл туралы «Turkistan» Индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясының» Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында талқыланды.
Аудан басшысы Серік Мамытов индустриалды аймақ ашу – өнеркәсіп саласы дамыған аудан үшін маңызды шешім екенін атап өтіп, жалпы аумағы 50 га жерде ашу мүмкіндік бар екенін жеткізді. Индустриалды аймақ ашылған жағдайда, Жетісай ауданындағы өнімдер шығаратын өндіріс орындары бір аумаққа орналастырып, компания тарапынан көрсетілетін қызметтерге жүгіне алады. Атап айтқанда, дайын ғимарат сатып алуға немесе бос жерлерді жалға алып, толықтай жүргізілген инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта қаржылық-экономикалық тиімділігі анықталып, облысқа ұсынылатын болады. Жетісай ауданы егістік бойынша, оның ішінде жеңіл және мақта өнеркәсібі, дәнді дақылдар өсіруде алдыңғы орында тұр. Жалпы, кәсіпкерлік саласында Жетісайдың 70%-ы агроөнеркәсіп болып табылады.
Айта кетейік, Түркістан облысында бүгінде 9 индустриалды аймақ бар. Онда құны 44,4 млрд. теңгені құрайтын 63 жоба жүзеге асқан. Асфальтті бетон жасау, металл бөлшектер мен бұйымдар өндірісі, мобильді жылжымалы контейнерлер өндіру, тігін, жиһаз өндіру, металл торлары мен құрылыс блоктарын жасау, темір есік өндірісі, тауарлық бетон шығару цехы, темір бетон бұйымдары және басқа да өнімдер өндіріліп, Түркістан және басқа да өңірлерге тасымалдануда.
Бүгінде Индустриалды аймақтар Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек аудандарында орналасқан. Жетісай ауданынанда да агроиндустриалды аймақ қалыптасып, Түркістан өнімдерінің саны артады деп күтілуде.