Арыс қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің еріктілері тыл және еңбек ардагерлерінің шаңырақтарына барып, әлеуметтік көмек көрсетті.
Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан ардақты да аяулы қарттардың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Осы ретте, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында арыстық еріктілер қарттарға құрмет көрсетіп, алғыстарын алды.
Мәселен, Ақдала ауылдық округінің жастары тыл ардагері, Оралбек Алдабергеновтың үйіне барып, аула жұмыстарына жәрдем етті.
Дәл осындай игі істен Монтайтас жастары да тыс қалмай, тыл ардагері Тәжен Налибаеваның шаңырағында болып, үй шаруашылығына қолғабыс етті.
Ал, Дермене жастары жалғызбасты ана Толқын Жұмашеваға асарлатып көмектерін берді. Бірі су тасып, бірі цемент қарып, енді бірі тас төгіп, үй алдынан асхана салуға атсалысты.
Дария көңілді қариялар үйіне көмекке келген жастарға ақ батасын беріп, алғыстарын жаудырды.
«Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің» дегенді нық ұстанған жастар «мақсатымыз — азаматтарды сауапты істерге тарта отырып, ізгілікті насихаттау» дейді.