Бүгін түнгі 00 сағат 20 минутта Кентау қаласында 5 қабатты тұрғын үйдің шатырынан өрт шығып, 300 шаршы метр аумағы толығымен жанып кетті. Жалпы өртке Төтенше жағдай департаментінің 7 өрт сөндіру техникасы мен 47 жеке құрамы жұмылдырылды. Нәтижесінде 01 сағат 57 минутта өрт толығымен сөндірілді. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі мен өрттен келген материалдық шығын анықталып жатыр.
«Өрт салдарынан жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жақын орналасқан ғимараттарға өрт өтпеген. Тұрғын үйдің ішкі бөлігі де зақымданбаған. Қазіргі кезде қала әкімі Жандос Тасов орын алған оқиға бойынша жедел штаб отырысын өткізіп, тұрғын үй шатырын қалпына келтіру бойынша сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді» — делінген Кентау қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.