Республика көлемінде 26 сәуір мен 11 мамыр аралығында білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг (ББЖМ) өткізілді.
Осы ретте Түркістан облысы бойынша 207 білім беру ұйымында білім сапасын мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкестігін анықтау мақсатында сынға түсті.
Аталған мониторинг жұмыстарына Департамент қызметкерлерімен бірге Түркістан облысына арнайына келген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төраға орынбасары Майра Тұрғанбайқызы да қатысып, ББЖМ-нің заңға сәйкес өтуін қадағалады.
Естеріңізге сала кетейік, ББЖМ 4-сыныптарда кешенді тестілеу нысанында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) қолдана отырып, оқыту тілінде үш бағыт (оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық) бойынша жүргізілді.
Ал 9-сыныптарда кешенді тестілеу нысанында АКТ қолдана отырып, оқыту тілінде екі бағыт (математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық) бойынша, үш тілде (орыс, қазақ және ағылшын) бір бағыт (оқу сауаттылығы) бойынша жүргізілді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төраға орынбасары Майра Мелдебекова биыл әрбір мектепте МОДО-ның өту процесін бақылайтын тәуелсіз сарапшылар бекітілгенін атап өтті.
Бұдан бөлек, мониторингке Комитет, ДОКСО, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Өрлеу орталығының және Министрліктің қызметкерлері де қатысып әділ өтуін қадағалады.
«Жергілікті жерде МОДО-ның өтуін бақылау үшін Сарыағаш ауданы, Түркістан қаласының мектептерінде болдым. Әрине әлі де тестілеуді жетілдіру тұстары көп екендігін байқадық. Бұл тұрғыда тиісті жұмыстар атқарылатын болады», — деді Майра Тұрғанбайқызы.
ББЖМ жүргізілгеннен кейін білім беру қызметтеріне қанағаттану деңгейін анықтау үшін мектептің тестіленушілері мен педагогтері арасында жасырын сауалнама алынды.
ҚР Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Ернұр Дауенов МОДО-ның қорытындысы бойынша өңірлерге және білім беру ұйымдарына әдістемелік нұсқаулар берілетінін айтты.
Ғалымжан Алматов,
Түркістан облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы