Қазығұрт ауданындағы 62 елді мекеннің 98,4 пайызы орталықтандырған электр желісіне қосылған, 1 елді мекен (Өгем е.м.) шалғайда орналасқандықтан дербес электр қондырғыларымен қамтамасыз етілген. Былтыр тозығы жеткен 12 елді мекеннің электр желілері мен бағаналарын жаңартуға 1,1 млрд. теңге қаралып, тиісті жұмыстар жыл соңына дейін аяқталды. Атап айтар болсақ, олар Қазығұрт, Еңбек, Тұрбат, Ынталы, Айнатас, Қызылқия, Қ.Мамбетұлы, Қызылсеңгір, Қызылдала, Рабат, Еңбекші, Қақпақ елді мекендері.
Ал, биыл 11 елді мекенде, атап айтар болсақ, Өндіріс, Жаңажол, Жаңаталап, Қаржан, Алтынтөбе, Аққұм, Қызылата, Майбұлақ, Көкібел, Атбұлақ, Рабат елді мекендерінде электр қуаты жетіспейтін көшелерді қуаты жоғары электрмен қамтамасыз етуге 1,3 млрд. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін 10 елді мекенде аяқталатын болады. Қалған 1 елді мекендегі жоспарланған жұмыстар 2024 жылға өтпелі болып отыр.
Жалпы Түркістан облысы электр қуатына тапшы өңірлердің бірі саналады. Аймақтың орташа қажеттілігі 320 МВт/сағ құрайды. Оның 20%-ын ішкі энергетикалық көздер өндірсе, 80%-ы еліміздің солтүстік өңірінен және Шымкент, Тараз қалаларындағы стансалардан тасымалданады. Айта кетейік, облыс аумағындағы 831 елді мекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған шалғайдағы 16 елдімекен дербес электр қондырғыларын пайдалануда. Биыл 40 нысанның құрылысын аяқтап, 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғынды сапалы электр қуатымен қамту көзделіп отыр.
Бұдан былай өңірімізде елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауапты адамдарға жүктеледі. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданды.
Биыл халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 47,2 млрд. теңге болатын 71 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған 31 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде жыл соңына дейін 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады.



