Арыс қаласында 32 елді мекеннің жоспар бойынша 24 елді мекені табиғи газбен қамтылуы тиіс. Қалған 8 елді мекен (оның ішінде 3 елді мекен көшірілген, 5 елді мекен шалғайда орналасқан) экономикалық жағынан тиімсіз болып естептелген. Арыс қаласының табиғи газбен қамтылу үлесі 2022 жылдың қорытындысымен 8,72 пайызды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 40,9 пайызға, 2024 жылы 75,7 пайызға, 2025 жылы 81,3 пайызға, 2026 жылы 91,6 пайызға, 2027 жылы 96,8 пайызға жоспарланып отыр.
Арыс қаласы бойынша 2019 жылы Дермене ауыл округіне қарасты Қызылкөпір елді мекеніндегі 105 абонент табиғи газбен толық қамтамасыз етілген. 2022 жылдың қорытындысымен қараша айында 3-кезек нысанының 42,7 шақырым жүйелеріне табиғи газ берілді. Нәтижесінде жалпы қаланың Тараз, Онтам, Саяжай-2, Алатау, Көктем-1,2 тұрғын аудандарындағы 1247 абонент газға қосылу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Биыл Отырар, Почтовый, Сырдария, Шпалзауыт, Наурыз тұрғын аудандарындағы 2005 абонентті және қаланың орталық көшелерін кезең-кезеңмен табиғи газға қосу көзделген. Елді мекендерді табиғи газ жүйлерімен камту мақсатында Байырқұм, Жиделі және Көкжиде елді мекендерінде ішкі жүйелердің құрылысы мен Аққала елді мекеніне дейінгі жоғары қысымды жеткізуші газ құбырының құрылыс жүргізу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, ауылдық округ елді мекендері бойынша 14 нысанның (Дермене, Теміржолшы, Орманды, Қаражантақ, Саналы, П.Арапов, Ақдала, Монтайтас, Атамекен, Шағыр, Бақырша, Ақтас, Қабылсай, 42 разъезд) жобалық-сметалық құжаттамасы бюджетке ұсынылды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда облыста 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бұйыртса, биыл 516 елді мекенді (62%) табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, алдағы 3 жылда қосымша 247 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) жеткізілмек. Облысты алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд. теңгені құрайтын 56 жоба әзірленген.
Сонымен қатар, биыл өңірімізде алғаш рет облысы елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр, орнатылған газ, су желілерінің техникалық жағдайы бойынша толық мәлімет алынады.
Айта кетейік, биылғы жылы өңірімізде газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алады.



