Қала әкімі Жандос Тасов Әл-фараби атындағы №14 жалпы орта мектебінде өткен соңғы қоңырау мерекесіне қатысты. Ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтаған Жандос Қалмырзаұлы түлектермен бірге суретке түсті.
«Құрметті түлектер, алдағы асудан асып, өздеріңнен бұрын жүректері толқып жүрген ұстаздарыңның және сендер қуансаңдар қуанатын, мұңайсаңдар бірге мұңайатын ата-аналарыңның үмітін ақтайсыңдар деген сенімдемін. Себебі Кентау қаласы білім деңгейі жағынан үнемі республика бойынша жоғарғы көрсеткішті көрсетіп келеді. Осы бағыттан таймайды деп, өз атымнан да сендерге сенім артамын. Сендердің терең білім алуларың үшін ұстаздар еңбек етті. Ендігі, мамандықты дұрыс таңдап, сол мамандықтың нағыз шебері болуларың қажет», — деді қала әкімі.
Ал, Кентау қалалық мәслихатының төрағасы Қаблан Елеусізов Ә.Бөкейханов атындағы №23 жалпы орта мектебінде өткен «Сәт сапар, жас түлек» атты іс-шараға қатысты.
Оқу жылын жемісті жеңісті аяқтаған ұстаздарды құттықтаған халық қалаулысы, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған шәкірттерге сәт сапар тіледі.
Салтанатты жиында мектеп оқушылары би билеп, әндер шырқады.
Соңында үздік ұстаздармен үздік оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Жалпы, Кентау қаласында 857 түлек мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам басты. Олардың ішінде 749 мектеп бітіруші Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынамақ. Оның 43-і «Алтын белгіге», 54-і «Үздік аттестатқа» үміткер.



