Бүгінде облыс аумағында 826 елді мекеннің 810-ы орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған 16 елді мекен дербес электр қондырғыларына қосылған.Облыста 47 электр нысанының құрылысы жүріп жатыр. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда, 7 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.
Енді облыс тұрғындарын сапалы электр энергиясымен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқтала кетейік. Мәселен, жоба құны 2 млрд 169 млн теңгені құрайтын Ленгір қаласы «Алатау» мөлтек ауданындағы 2,0 га жер теліміне 110 кВ ӘЖ бар ҚС-110/10 кВ электр қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 29 елді мекеннің 73 көшесінің электр желілері және трансформаторлары ауыстырылуда.
Ленгір қаласы мен 14 елді мекеннің 18 көшесіне 38,2 шақырым түнгі жарық орнатуға 105 млн теңге қарастырылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы 10 елді мекеннің 12 көшесіне құны 60 млн теңгені құрайтын түнгі жарықтандыру орнатылады.
Реті келгенде айта кетейік, Түркістан облысы елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған.
Биыл халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 47,2 млрд. теңге болатын 71 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған 31 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде жыл соңына дейін 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады.



