Жақында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдаған болатын. Қабылдауға келген Жіңішке елді мекенінің тұрғыны К. Мұздыбаева өңірде ауыз су тапшы екенін, соған байланысты тұрғындар арасында түсінбеушіліктер орын алғанын жеткізді.
Аталған мәселемен танысып, халықтың ұсыныс-пікіріне құлақ асу мақсатында Төлеген Тұртайұлының тапсырмасына сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуесханұлы тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында Жіңішке елді мекені халқының ауыз суға қатысты шағымдарын, орын алған проблеманы шешу үшін ұсыныстарын тыңдады.
Екі сағатқа созылған кездесу барысында тұрғындардың өтінішін ескере келе, елді мекен орталығында орналасқан су қондырғысы арқылы тіршілік нәрін қолданатын тұрғындар суды үнемдеу үшін есептегіш құралын орнатып, тұрақты түрде абоненттік төлем жасауға келісімге келді. Аудан әкімдігі өз тарапынан бұлақ көзіне су сүзгісі мен фильтр орнатпақ. Ал, бұлақ суын пайдаланушы тұрғындар ауыз су көзі қоршалып, оның сапасы жақсарғаннан кейін есептегіш құралын орнатып, абоненттік төлем жасайтын болады.
ЖалпыТөлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың қабылдауына келгендердің басым бөлігі ауыз суға қатысты мәселелерді көтереді. Соған байланысты аудан әкімі құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Айталық,
Аққұм ауылдық округіндегі 5 көшеге ауыз су жеткізу үшін Нысанбек елді мекеніндегі ескі су жүйесін пайдалануды мақсат етіп, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні тау баурайында орналасқан Нысанбек ауылын жаңа су жүйесіне қосу мақсатында 22 шақырымды құрайтын су құбыры тартылып, 300 куб метрді құрайтын резервуар орнатылған. Сонымен қатар, мұнда жобаға ілінбей қалған 10 үйге ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқтау бойынша мердігер мекемемен келіссөз жүргізіліп, шілде айында 170 абонент таза сумен қамтылады деп көзделіп отыр.
Нысанбек елдімекенінде ауызсу құрылысы аяқталуға жақын. Аудан басшысы құрылыс нысанының басында мердігер мекеме басшысымен кездесіп, ауыз су жеткізу ісін бекітілген кестеге сәйкес аяқтауды, оның сапасына көңіл бөлуді тапсырды.
Ал, қазіргі таңда Керегетас елді мекеніне 27 шақырым су құбыры жүргізіліп, сыйымдылығы 300 куб метрді құрайтын су қоймасы орнатылған. Су қоймасының маңайын абаттандыру ісі аяқталғаннан кейін мұнда 158 абонент ауызсуға қосылады деп жоспарлануда.
Төлеби ауданында өзекті болып келген ауыз су мәселесін шешу мақсатында дәл қазіргі таңда көптеген жұмыстар атқарылуда. Сала мамандарының мәлімдеуінше, Төлеби ауданында ауызсу мәселесін шешу бағытында кешенді жоспарлар құрылып, 50-60 жыл тұтынудан тозығы жеткен ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Айталық, Бірінші Мамыр ауылдық округі, Бейнеткеш елдімекеніне 23 шақырым ауызсу құбыры тартылып, 133 құдық орнатылып, сыйымдылығы 300 метр кубты құрайтын су қоймасы салынды. Мердігер — «Строй Жол Сервис» ЖШС мекемесі. Елдімекенді таза ауызсу құбырына қосу жұмысы осы жылдың шілде айына жоспарланған. Сондай-ақ, резервуар аумағын абаттандыру, тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал, Зертас елдімекеніндегі су құбырының құрылысын жүргізуші мердігер «Ақмешіт Мелиоратор» ЖШС-і тарапынан 52 шақырым су құбыры тартылып, 351 құдық қойылып, сыйымдылығы 1200 куб метрді құрайтын су қоймасы салынды. Құрылыс жұмыстары биылғы шілде айына дейін жалғасып, нәтижесінде 5970 тұрғын, 986 абонент ауызсумен қамтылмақ.
Сондай-ақ, Ленгір қаласын сапалы ауызсумен қамту бағытында Көктерек су тазалау имаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде 2200 куб метр резервуар, су тазарту құрылғысы орнатылды. Химиялық тазалаудан шыққан кәріздік суын төгетін көлемі 100 куб метрді құрайтын септик құйылып, имарат маңы қоршалып, көгалдандыру, жарықтандыру жұмыстары қолға алынған.
Түркістан облысында 831 елді мекеннің 719-ы, яғни 86,5%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс көлемінде 101 елдімекен ауызсуды бұлақ көздерінен, 11 елді мекен ашық су көздерінен пайдалануда. Қазіргі таңда жеке тұлғалар үшін ауыз судың орташа тариф құны – 64,97 теңге, бюджеттік мекемелер үшін – 125,3 теңге, өнеркәсіп және коммерциялық ұйымдар үшін – 129,5 теңге. Биыл 831 елді мекеннің 736-сын немесе 88,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.