Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов аудан аумағындағы ауыл округтерін аралап, ондағы мәселелермен жіті танысуда. Сонымен қатар, ауыл округтерін аралау барысында бірқатар шешімін күткен күрделі мәселелер бойынша тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар беруде. Бірінші кезекте тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге көңіл бөлуді тапсыруда. Соның ішінде елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесіне ерекшеназар аударылуда. Солардың бірі – электр жарығы.
Жақында аудан әкімі Арман Сәбитов «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Мұрат Ибрагимовпен арнайы кездесті. Онда аудан тұрғындарын электр жарығымен тұрақты қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізілді. Айта кетейік, бүгіндеөңірдегі кейбір елді мекендердегі өзекті мәселелердің бірі – электр энергиясының жиі өшуі. Жел соқса, қар жауса, жарыққа жарымайтын ауыл азаматтары бұл мәселені күн сайын көтеріп келеді.
Қазіргі таңда ауданда «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-не қарасты 16 қосалқы электр станция бар. Оның ішінде жағдайы орташа деңгейдегілер саны – 14. Ал қажетті трансфарматорлар саны18 болып тұр. Одан бөлек, 21 елді мекендегі 169,5 шақырым электр желісі тозған. Тозығы жеткен бағаналар да аз емес. Бүгінгі таңға дейін аудан тарапынан «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-не қайтарымсыз беру үшін 39 трансфарматор ұсынылған.
Кездесуде аудан әкімі осындай мәселелерді шешу мақсатында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директорымен келіссөз жасады. Бірқатар ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде, екі тарап ортақ шешімге келіп, алдағы уақытта «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан жоғарыда айтылған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Яғни, трансфарматорларды балансқа алу, жаңадан трансфарматорлар орнату, тозығы жеткен электр желілерін жаңалау, бағаналарды ауыстыру сынды маңызды мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Реті келгенде айта кетейік, Сайрам ауданының әлеуеті зор әрі даму қарқыны өңірде үздіктер қатарында. Инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту үшін былтыр ауданда 7 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып, инженерлік-коммуникация желілерін: ауыз су, газ, жол, электр желісін тартуға 848,4 млн. теңге қаралып, 3 нысан пайдалануға берілді. Елді мекендерде су құбырларының орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су ұңғымалары қазылып, су мұнаралары орнатылды.
Көлкент ауылдық округіне қарасты Ақсуабад ауылында 32 гектар жерге ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, 300 тұрғын тұрақты ауыз сумен қамтылды. Әйтеке би ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ауданда 42 елді мекеннің 32-сі табиғи газбен қамтылған. Құтарыс, Қызылжар, Ақсуабад, Оймауыт, Ақарыс, Көлкент елді мекендерінің газ құбырларының құрылысына 2022 жылы қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Былтыр 6 елді мекенде жалпы ұзындығы 25,3 шақырым электр желілері ауыстырылып, 15 дана жаңа трансформатор, 1113 жаңа бағана орнатылды. Былтыр 2,6 млрд. теңгеге аудандық маңызы бар 5 автомобиль жолдарының 17,5 шақырымына күрделі жөндеу, 184,3 млн. теңгеге 13 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табуда.
Жалпы былтыр сайрамдықтар облыс басшылығына 16 мәселені көтеріп, оның басым бөлігі шешімін тапқан. Айталық, Құтарыс, Қызылжар елді мекендерінде газ жүйесінің құрылысы биыл аяқталады. Ал Ақарыс, Оймауыт ауылдарында құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар 2022 жылы Көлкент ауылына газ жүйелерін салуға 395,5 млн. теңге, Ақсуабад ауылына 215 млн. теңге қаржы қарастырылған. Биыл аталған нысандарға тағы қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысандар 2024 жылы тапсырылатын болады.



