Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов жақында Қарамұрт ауыл округіндегі атқарылып жатқан жұмыстармен, өзекті мәселелермен танысты. Ауыл округінде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен шешімін қажет ететін маңызды мәселелер де жоқ емес. Олардың әрбірімен жіті танысып шыққан аудан басшысы оның шешу жолдары бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.
Мысалы, биылғы қыста «ҚарамұртГаз» ЖШС-нен газ тұтынушы 600-ге тұрғын жылусыз қалған болатын. Осы мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары арасында «ҚазТрансГаз» АҚ-на тұтынушы ретінде өту қажеттілігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Одан бөлек, осыған дейін Төле би ауданы шекарасындағы күл-қоқыс полигонына қатысты тұрғындар тарапынан арыз жиі түскен болатын. Бұл да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Аталған проблеманы заң аясында тездетіп шешу қажет.
Сондай-ақ, өрт сөндіру бекетін салу мәселесі жиі көтеріліп келуде. Себебі, тілсіз жау – өрт болған жағдайда өрт сөндіруші көліктер Төле би ауданынан келеді. Жайылым жерлерді қайтару, жаңақұрылыс аумағына инфрақұрылым жүргізу бойынша да ауыл әкімі мен салалық бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Сала мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл облыста465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56 пайызды құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады деп жоспарланған. Сонымен қатар, биылдан бастап өңірімізде елді мекендердің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауапты адамдарға жүктеледі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған. Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр, орнатылған газ, су желілерінің техникалық жағдайы бойынша толық мәлімет алынады.
Жалпы ағымдағы жылы газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 145 мыңға жуық халық табиғи газ пайдалана бастайды.