Түркістан облысы – электр қуатына тапшы өңірлердің бірі. Аймақтың орташа қажеттілігі 320 МВт/сағ құрайды. Оның 20%-ын ішкі энергетикалық көздер өндірсе, 80%-ы еліміздің солтүстік өңірінен және Шымкент, Тараз қалаларындағы стансалардан тасымалданады. Облыс аумағындағы 831 елді мекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған шалғайдағы 16 елдімекен дербес электр қондырғыларын пайдалануда. Биыл 40 нысанның құрылысын аяқтап, 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғынды сапалы электр қуатымен қамту көзделіп отыр.
Енді осы бағытта аудандарда атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталайық. Мәселен, Сайрам ауданында ауыл округі әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттері туралы ауыл әкімі мен қызметкерлері аудан басшысына есеп беруде. Негізінен бюджеттің тиімді жоспарлануы мен өзекті мәселелердің шешілу мәселесіне баса назар аударып жатқан аудан әкімі Арман Сәбитов кезекті Жібек жолы ауыл округіндегі маңызды мәселелерге тоқталып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Ауыл округіндегі қаншама уақыттан бері жиі көтеріліп келе жатқан ауыз су мәселесі, Бөкейхан ЖОМ қосымша оқу ғимаратын салу, трансформатор орнатып, бағаналарды ауыстыру сынды мәселелердің де шешу жолдары талқыланды.
Дәл осындай мәселе Қарасу ауыл округінде де бар. Айталық, аудан әкімі А.Сәбитов Қарасу ауылдық округінің әкімі Д.Сыдықов және ауылдық округі әкімінің орынбасары Е.Мусантаевты қабылдағанда бюджеттің игерілуі, оның ішінде салық түсімдерінің орындалуы, жайылым жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару,кәсіпкерлік, ветеринария, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мәселелері тыңдалды.Аудан әкімі бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Тарқатып айтар болсақ, мүлік салығынан түсетін түсімдерге талдау жасау, тіркелген көлік санын анықтау, тозығы жеткен электр бағаналарын түгендеу, трансформатордың жағдайын зерделеу, инвестжобаға ұсынылатын нысандарды қарау, сонымен қатар, елді мекенге су тасуы ықтимал «Ақбай-Қарасу» каналын тазалау. Ауыз сумен тұрақты қамту,Қарасу, Әйтеке би елді мекендердегі жаңақұрылыс аумақтарында инфрақұрылым жүйелерінің құрылыстарын бастап, мерзімінен бұрын аяқтауды қадағалауға алу, мердігермен және жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізу мәселелері де тілге тиек етілді.