Кентау қаласының төтенше жағдайлар бөліміне штаттық кесте бойынша 7 қызметкер бекітілген. Былтыр дала тоғайлы өрттер бойынша мұнда бірде-бір оқиға тіркелмеді. Дегенмен, биыл жыл басында Қарнақ ауылында «Ырмақ-Өзен» су қоймасының жоғары жағында 20 гектар жайылым жер, Сауран ауданымен шекаралас Бестоғай елді мекенінде 5 гектар жайылым жер және Шоқтас елді мекенінде 600 шаршы метр ағаштармен құрғаған шөптер өртке оранды.
Одан бөлек, жаз мезгілі басталмастан көше бойларында, көпқабатты тұрғын үй аулаларында қураған шөптердің жану жағдайлары орын алды. Сала мамандарының мәлімдеуінше, дәл осындай 18 оқиға тіркелген. Жалпы 2,4 гектар аумақты құрайтын шөп жанған. Абырой болғанда өрттің салдарынан шаруашылық нысандарға немесе егістік алқаптар зардап шеккен жоқ. Өрт сөндірушілер дер кезінде тиісті орындардағы өртті сөндіріп отырды.
Кентау қаласындағы №12 өрт сөндіру бөлімінде әрдайым созылмалы дала өрттерін сөндіруге қажетті техникалар дайын тұрады. Атап айтар болсақ, олардың арасында 2 АЦ-5-40 Камаз негізгі өрт сөндіру автокөлігі, 1-дана су таситын (водовоз) қосалқы Камаз автокөлігі 30 дана ранцті су себу аппараттары, 60 дана хлопушка, 5 дана мотопомпалар (МП-80 – 4дана, МП-100 – 1дана) бар. Өрт сөндіруге арналған бұдан өзге де техникалар мен жеке құрам да осының ішіне кіреді.
Реті келгенде айта кетейік, Кентау қаласында «Өрт сөндіру бекеттерін құру» бойынша бірқатар шараларды қолға алу қажеттігі туындап отыр. Мысалы ретінде шалғайда орналасқан елді-мекендерге, соның ішінде Ащысай ауылдарына өрт сөндіру постын салу күн тәртібіндегі мәселе болып отыр. Өрт сөндіру жұмысына қоғамдық қызметкерлерді де тарту ісі қарастырылуда. Қарнақ ауылындағы өрт сөндіру бекеті қоғамдық қызметкерлермен 1 маусымынан бастап ашылуы керек болатын. Алайда, бұл шаралар әлі күнге дейін атқарылмады.
Соған қарамай, тиісті мекеме аталған өрт сөндіру бекеттерінің ерікті өрт сөндірушілерімен бірге дала өрттері кезіндегі іс-қимылдарын арттыру мақсатында өрт-тактикалық жаттығуларды ұйымдастырылды. Тәжірибе жүзінде сала мамандарының өрт сөндіру кезіндегі атқарылуы тиіс шараларға дайындығын пысықтады.
Бүгінде өртке қарсы су жүйелері бойынша Кентау қаласында — 891, ауылдарда 555 және объектілерде 24 өрт гидранттары орнатылған. Аталған өрт гидранттардың 128-не маусымдық тексеру жұмыстары жүргізіліп, олардың 42-сінде ақау анықталды. Сала мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті мекемелерге хат жолданып, 40 өрт гидранттына шартты белгілер орнатылды.
Сала мамандары дала өртінің алдын алу мақсатында қалалық ішкі саясат бөлімінің, облыстық «Хан ТВ» телеарнасының өкілдерімен бірлесіп отырып, Хантағы ауылындағы «Қаратау табиғи қорығы» аумағында және Қарнақ ауылындағы демалыс саяжайында дем алушы халыққа жаз айларында болуы мүмкін далалы өртінің алдын алу бағытында профилактикалық шаралары жүргізді. Телеарналар арқылы дала өртінің алу алу тақырыбына арнайы сұхбат жүргізіліп, бейнероликтер көрсетілді. Жергілікті «Қаратау тәжі», «Ваша безопасность» атты баспасөз беттерінде «Дала өрттерінің алдын алу» тақырыбында 7 мақалалар жарық көрді.
Сонымен қатар, сауда орындары мен автобекеттерде дауыс күшейткіш құрылғылар арқылы далада өртінің алдын алу бойынша мәлімдеме жасалды. Кентау қаласы және оған қарасты ауылдарда Кентау қаласының ТЖБ қызметкерлерімен және №12 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен «Табиғатқа демалыс кезінде өрттен сақтану шаралары» тақырыбында 554 үй 2648 адам қатысуымен тұрғын үйлерді аралау жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Тұрғындарға LED экраннан арқылы «Дала өртінен сақтану шаралары» тақырыбындабейне роликтер көрсетілді.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінде суаттарда болуы мүмкін төтенше жағдайлар және дала алқаптарында созылмалы өрттердің алдын алу бағытында 1-рет брифинг жүргізілді. Қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып «Дала өртінен сақтанайық!» атты тақырыпта бейне роликтерәзірленіп, интернет желілеріне жарияланды.Атқарылған үгіт-насихат жұмыстары апта сайын Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне және Кентау қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жарияланды.
Мақаламыздың соңында жаз мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қандай шараларды атқару керектігі туралы да айта кетейік. Қала аумағында өрт болуы мүмкін далалы жерлердің картасын әзірлеу қажет. Көше бойларын, Жастар аллеясын, С.Қожанов және Кеңшілер саябағын құрғақ шөптерден тазартып тұру керек. Дала өрті кезінде өртке қарсы су алу орындарын белгілеу және су қоймалары, өзендер, арықтардың бойларына пирстарды дайындаудың да маңызы зор.«Дала өртінен сақтанайық» атты тақтайшалар әзірлеп, автокөлік жолдарының бойына орнатудың да тигізер пайдасы орасан зор.