Елімізде алаяқтық қылмыстың саны күрт өсіп келеді. Жыл басталғалы бері тіркелген қылмыстардың басым көпшілігі алаяқтық әрекеттерге байланысты. Сондықтан, тәртіп сақшылары алаяқтардың үй алып беремін, жұмысқа орналастырамын, арзан несие алып беремін, жер теліміндегі кезекті жылжытамын деген сияқты алдауларынан сақтануды ескертеді.
Мәселен, өңірімізде «жер алып беремін» деп тұрғынның 2.000 000 теңгесін алдап алған күдікті ер адам анықталды. Оқиғаны толығырақ баяндайтын болсақ, Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз келіп түсті. Жәбірленушінің айтуынша, оған сырттай таныс ер адам жер алып беруге уәде етіп, бұл қызметі үшін 2.000 000 теңге ақшасын алып, екі жыл бойы алдап келген.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 190 бабының 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Тұрғынды алдап, ірі көлемдегі қаржыны қалтасына басқан күдікті ер адамды ұстау үшін тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті шараларды атқарды. Нәтижесінде күдіктінің тұрғылықты мекенжайы анықталды. Ол жұмыссыз жүрген тұрғын болып шықты. Сонымен қатар, күдікке ілінген ер адамның бұрын осындай қылмысы үшін істі болғаны анықталды. Қазіргі таңда оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Сондықтан Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға күмәнді қызмет ұсынған кез келген адамға сенбеңіздер деп ескертеді. «Мәселеңізді тез арада шешемін деп, алаяқтарға алданып қалмаңыз. Барлық әрекеттерді дұрыс жасап, заң аясында ғана атқаруға дағдыланыңыздар. Қандай да бір алаяқтықтың куәсі не құрбаны болсаңыз, тез арада жергілікті полиция бөлімшелеріне немесе 102 телефон нөміріне хабар беріңіздер» дейді олар.
Қоғамда онлайн-бизнес дамыған сайын интернет-алаяқтық оқиғалардың саны мен түрлері арта түсуде. Ескере жүріңіз, интернеттегі алаяқтар аз уақыт ішінде, тер төкпей-ақ үлкен табысқа кенелуге мүмкіндік бар деп уәде береді. Күмәнді ресурстарға мәлімет сұрап, хат жолдауын өтінеді. «Мұндай «бақыт хаттары» бейтаныс адамдардан пошта арқылы келетін алдамшы ұсыныстар екенін ұмытпаңыз.
«Интернет желісінде алаяқтықтың сан түрлері күн сайын пайда болуда. Соның ішінде онлайн-сатып алуда, төлем картасымен, онлайн кредит беруде, телефон қоңыраулары мен SMS-хабарламаларды пайдалана отырып, ақша қаражатын ұрлау жиілеуде», — дейді, полицейлер.



