Неге бұлай деп отырмыз? Өйткені, құқық қорғаушылар мұндай жағдайда адамдардың банкке хабарласып, уақыттарын жоғалтып алып жататынын айтады. Сондықтан, телефоныңызға күдікті қоңыраулар мен хабарламалар келсе, алдымен дереу полицияға хабар беріңіз.
Қазіргі таңда алаяқтықтың мұндай түрімен айналысатындардың қатары күн өткен сайын көбейіп келеді. Сондықтан, полиция қызметкерлері алаяқтықпен күресті күн тәртібінен түсірген емес. Оны аз десеңіз, Түркістан облыстық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жанынан «CyberPol» соққы-нысаналы тобын құрып, «БТО-Түркістан» мекемесі қызметкерлерімен бірге алаяқтық әрекеттердің алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүргізуді қолға алды. Яғни, пайдаланылған коммуналдық қызмет ақысы туралы мәлімет жазылатын қағаздың екінші бетіне алаяқтардан сақтану жолдары түсіндіріліп, тұрғындарға таратыла бастады. Халық көп шоғырланатын жерлерге ғаламтор желісінде алаяқтық жасайтындардың іс-әрекетін сипаттайтын жадынамалар ілінді. Азаматтарға алаяқтықты болдырмау және оның алдын алу мақсатындағы қауіпсіздік шаралары, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру жолдары кеңінен қамтылған брошюлар берілді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта ғаламтор желісінде алаяқтық жасайтындардың қатары көбейіп келеді. Олар бөтен адамдармен тығыз байланыс орнатып, әбден сеніміне кіріп, соныңда алдау жолымен мүліктеріне қол салады. Жоғарыда тілге тиек еткен Түркістан облыстық полиция департаментінің «CyberPol» арнайы тергеу-жедел тобы облыс аумағында орналасқан 750-ден астам мешіт пен медресенің имамдарымен бірлесіп, халықты интернет-алаяқтықтан қорғау бойынша профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруда. Құқық қорғаушылар соңғы уақытта банк қызметкерлерінің атынан тұрғындарға қоңырау шалып, олардың шоттарын бұзып, ақшаларын алуға ұмтылған алаяқтардың саны артқанын айтады. Мұндай алаяқтар құрбандарының сеніміне кірудің әртүрлі тәсілдерін игере отырып, оларға «Бөтен біреу сіздің шоттарыңызды бұзуға тырысуда» деп хабарлайды және қауіпсіздік үшін қолда бар ақшаны басқа банктің шотына аударуға кеңес береді. Кей жағдайда алаяқтар әртүрлі шпиондық бағдарламаларды адамдардың телефонына орнатуға ұмтылады. Оларға хакерліктен қорғау үшін мұндай бағдарламаларды міндетті түрде ұялы телефонға орнату керектігін айтып, көндіреді. Осыдан кейін алаяқтарға құрбандарының шоттарын әп-сәтте нөлге айналдыру түк те қиын емес…
Ендібір алаяқтар егде жастағы адамдарды құрығына түсіруге құмар келеді. Бұл үшін олар ескі схемаларды пайдаланады. Яғни, қарттарға қоңырау шалып жақын туысының апатқа ұшырағанын және қайғылы оқиғаға оның кінәсі бар екенін хабарлап, жәбірленушілерді емдеу үшін ақша талап етеді. Өңіріміздегі мешіттер мен медреселердің имамдары осындай қылмыстарды болдырмау үшін жиналған жамағатқа алаяқтықтардан сақтанудың жолдарын түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізуде.
Тәртіп сақшылары барлық азаматтарға күдікті қоңыраулар мен хабарламалар алған кезде дереу жергілікті полиция бөлімшелеріне хабарласу керектігін айтады. «Әсіресе, қайғылы оқиғалар туралы хабарлама келген кезде алдымен полицияға хабарласыңыз және қандай жағдай болмасын бөтен адамға өзіңіздің дербес деректеріңіз бен ақшаңызды бермеңіз» — дейді, олар.
Айталық, жақында ғана Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді. Жәбірленуші қыздың айтуынша, белгісіз біреу «в контакте» әлеуметтік желісінде сеніміне кіріп, соңында 200.000 теңге көлеміндегі ақшасын жымқырып кеткен. Аталған факт ҚР ҚК-нің 190 бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында тәжірбиелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, шұғыл әрекет етті. Барлық қажетті шараларды іске асырып, нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, күдікті ер адам «төмен пайызбен ақша аударып беремін» деп жалған жарнама жасаған. Яғни, жәбірленуші қыз жарнамада көрсетілген нөмірге хабарласып, мобильді қосымшасы арқылы ақша аударым жасауға келісетінін айтқан. Сол кезде күдікті арам ойын жүзеге асырып, түскен ақшаны өз есеп шотына аударып алған. Бүгінде өз кінәсін толық мойындаған ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Егер де сіз алаяқтықтарға алданып қалсаңыз, жергілікті полиция бөлімшелеріне, «102» телефон нөміріне қоңырау шалыңыз. Айта кету керек, ағымдағы жылдың 6 айында Түркістан полициясының қызметкерлері 6 қылмыстық топты анықтады. Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, қазірдің өзінде 46 алаяқ жауапқа тартылды және интернет-алаяқтықпен байланысты 71 қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Алаяқтардан абай болыңыз!