Өңірімізде ҚР ІІМ «CyberPol» пилоттық жобасы іске асырылғалы алаяқтарды анықтау және тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Айта кетейік, аталмыш жоба цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Осы мақсатта Түркістан облыстық полиция департаменті жанындағы Криминалдық полиция басқармасында құрылған арнайы топ өкілдері киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуда бірқатар шараларды атқаруда. Бүгінге дейін олар интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан 31 тұрғынды ұстап, олардың 56 дерек бойынша интернет-алаяқтық қылмыстарына қатыстылығын дәлелдеді. Бұл қылмыстық істер бойынша жинақталған іс құжаттар сотқа жолданды. Реті келгенде солардың бірқатарына тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз.
Жақында Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, танысы «10 соттық жер алып беремін» деген желеумен алдын ала 2.700.000 теңге ақшасын алған. Айтқан уәдесінде тұрмай, әбігерге салған ер адамды жауапқа тарту үшін полицияның көмегіне жүгінген. Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары алаяқтыққа қатысы бар күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жергілікті тұрғын анықталып, полицияға жеткізілді. «Қазіргі уақытта оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — дейді құқық қорғаушылар.
Сондай-ақ, таяуда Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағымданған болатын. Оған бейтаныс әйел интернет арқылы мемлекет тарапынан берілетін үйдің кезегін жылжытып беретінін айтып, қызметі үшін 300.000 теңге ақшасын алып, бір жыл бойы алдап келген. Аталған факті ҚР ҚК-нің 190 бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдікті әйелді ұстау үшін тәжірибелі полицейлерден топ құрылды. Нәтижесінде күдікті анықталды. Құқық қорғаушылардың баяндауынша, ол жұмыссыз жүрген тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда күдікті әйелдің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Айта кетейік, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, көршісі «мал қора сатып алып беремін» деп сендіріп, алаяқтық жолмен 8 миллион теңгесін жымқырып, бір жыл бойы алдап келген. Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 190бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Аудандық тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы жергілікті тұрғынды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Анықталғандай, күдікті қаражатты өзінің қажеттіне жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Жәбірленуші әйелдің баяндауынша, танысы сеніміне кіріп, үш күн ішінде «тұрғын үй құжаттарын жасап беремін» деп, алдын ала 85 мың теңгесін алған. Алайда арадан біршама уақыт өтсе де, ол жәбірленушіге берген уәдесін орындамаған. Өзінің сан соғып қалғанын түсінген тұрғын жергілікті полицияның көмегіне жүгінуді жөн санапты. Тәртіп сақшылары аталған фактіні ҚР ҚК-нің 190 бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Қазығұрттық полицейлер болған оқиғаға байланысты тергеп-тексеру амалдарын бастап кетті. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде күдікті әйел адам анықталып, полицияға жеткізілді.
Ағымдағы жылдың 6 айында Түркістан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері 6 қылмыстық топты анықтады. Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, қазірдің өзінде 46 алаяқ жауапқа тартылды және интернет-алаяқтықпен байланыс бар 71 қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Егер де сіз алаяқтықтың кез-келген түріне тап болсаңыз, жергілікті полицияға шағымданыңыз немесе 102 телефон нөміріне қоңырау шалыңыз.