Өңірімізде жол салу және жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы өңірлік маңызы бар жолдардың жай-күйімен танысқан болатын. Сонда Дархан Амангелдіұлы:
– Жыл өткен сайын Түркістанда тұрғындар саны көбейеді. Сондықтан жолдарды осы мәселені ескеріп, арнайы жоспармен, стратегиямен салу керек. Қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуына оң әсер ететін, көлік кептелісінің алдын алатын, көліктік-логистикалық әлеуетін арттыратын бастамаларды жүзеге асырған жөн. Өндірісті, туризмді дамытуда да сапалы жолдың маңызы зор, – деген болатын.
Айтайын дегеніміз, өңіріміздегі аудан, қалалардың барлығында қазір жол салу және жөндеу жұмыстары қарқын түрде жүргізілуде. Тақтайдай жолдың өңірдің өндірісі мен туризмін дамытуға қосар үлесі орасан зор. Сондықтан өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсап, ауылдардың еңсесін тіктеуді тапсырды.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы – мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған үлкен мүмкіндік. Қаржы бөлінген, бірақ кейбір аудандарда ол қаржы игерілмей жатыр. Жұмысты үйлестіре алмай отырсыздар. Тиісті жұмыстарды жедел атқарып, инфрақұрылымды жақсартып алу қажет. Екіншіден, осы жобаны анық жүзеге асыру тиімділігін арттыру үшін жаңа ұсыныстар беріңіздер. Бәлкім, бір елді мекенді белгілеп, оның барлық проблемаларын шешіп болған соң ғана келесі елді мекеннің инфрақұрылымына кірісерміз? Жұмысты жандандыру үшін өзгерістер енгізуді қарастыру керек. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бекітілген индикаторлардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу конкурсын шұғыл түрде аяқтап, келісімшарт жасауды тапсырамын. Апта сайын мониторинг жасалып, бекітілген жоспар толық орындалсын. Осы және өзге де мәселелер бойынша күзде аудандарда тағы да мәжіліс өткізіліп, индикаторларды орындамаған басшылардың мәселелері қаралады, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 163 елді мекенде 337 жобаны іске асыруға бюджеттен 31,0 млрд. теңге бөлінді. Оның 97-сі өткен жылдан өтпелі болса, 240-ы – жаңа жобалар. Осы арқылы денсаулық сақтау саласында – 11, білім беру саласында – 17, спорт саласында – 18, мәдениет саласында – 21, ауыз су – 2, газдандыру – 24, электрмен қамту – 22 және жол жөндеу саласында 222 жоба жүзеге асады деп күтілуде.
Өңір басшысы айтып өткендей, ауылдың дамуы жолдардың жөнделуімен, көшелердің жарықтандырылуымен тікелей байланысты. Сайрам ауданында бүгінде бұл бағытта тыңғылықты жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Көлкент ауылының бірқатар көшелері тозығы жетіп, талай жылдан бері жөндеу жұмыстарын қажет етіп келген болатын. Бүгінде Көлкент ауылдық округі Ханқорған ауылы, Пахтазарибдар көшесінің 4,9 шақырым жер аралығына орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Аталған құрылысты мердігер мекеме «Темиртас» ЖШС тарапынан орындалуда.
Жалпы мұндай шаралар аудандағы жол инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі ғана. Биыл Сайрам ауданында басқа көшелерді жөндеу және жаңғырту жұмыстары жоспарланған және қазіргі уақытта бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Заманауи және қауіпсіз жол жағдайларын жасау-жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ экономиканы дамытуға және қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Аудан тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылымды жақсарту жалғасын таппақ.
Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 500 шақырымнан асады. Республикалық маңызы бар жолдың үлесі – 723 шақырым, жергілікті маңызы бар жол 5 755 шақырым және елді мекен көшелері 11 мың шақырымнан асады.
Биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,1 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 587 нысан немесе 1521,1 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 534 нысан, яғни 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделген.
Аталған жолдардың сапасын Ұлттық сапа орталығы қадағалайды.



