Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтылған. Ал, биыл 516 елді мекенді (62%) табиғи газға қосу жоспарланған. Сонымен қатар, алдағы 3 жылда қосымша 247 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) жеткізілмек. Облысты алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд. теңгені құрайтын 56 жоба әзірленген.
Қазіргі таңда өңірімізде осы бағытта бірқатар шаралар атқарылуда. Айталық, жақында ғана Төлеби ауданына қарасты Қарақия елді мекенінің тұрғындары табиғи газға қол жеткізді. «Бүгінде Төлеби ауданының тұрғындарына жайлы өмір сыйлап, әл-ауқатын арттыру мақсатында табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы елді мекен ішіндегі жобадан қалып қойған тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу ісі жалғасын тапты. Соның бірі ретінде Қарақия елді мекеніне Д-63мм орта қысымды құбырға газ жіберіліп, іске қосылғанын айтуға болады. Бұл жүйеден жалпы 14 абонент газды тұтынады», — дейді сала мамандары.
Қазіргі таңда елді мекендерді газдандыру ісі аудан аумағында кезеңімен жүзеге асуда. Аудандағы 55 елді мекеннің 51-і орталықтанған табиғи газбен қамтылса, қалып отырған 4 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, аудандағы 55 елді мекен 100 пайыз орталықтанған газбен қамтылатын болады.
Айта кетейік, Түркістан облысы елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауапты адамдарға жүктеледі.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған.
Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да, электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша да нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр, орнатылған газ, су желілерінің техникалық жағдайы бойынша толық мәлімет алынады.
– Халықты сапалы ауыз сумен, жарықпен, табиғи газбен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Тұрғындардың негізгі өтініштері де инфрақұрылымға қатысты болып тұр. Бұл саланы әрі қарай дамыта береміз. Облыстың инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Осы бағыттағы жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Ауыз сумен қамтамасыз ету саласында атқарылатын жұмыстар да ауқымды. Биыл жалпы құны 51,5 млрд. теңгеге 66 нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.
Нәтижесінде су құбыры мүлдем жоқ 18 елді мекен (Бәйдібек – 1, Сарыағаш – 7, Келес – 4, Қазығұрт – 1, Ордабасы – 4, Отырар –1) ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 12 елді мекеннің (Жетісай – 1, Бәйдібек – 2, Қазығұрт – 1, Төлеби – 4, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су жүйелері қайта жаңартылады. 2023 жылдың қорытындысымен 833 елді мекеннің 738 елді мекені ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.
2023 жылы газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алады.
Биыл халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 47,2 млрд. теңге болатын 71 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған 31 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде жыл соңына дейін 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады.