Кентау қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков қаланың қазыналы қарияларымен кездесті. Аталған кездесуге қала әкімі Жандос Тасов, Ардагерлер ұйымының төрағасы Мұратша Түнтеков және де қала ардагерлері қатысты.
Кездесуде халық қалаулысы еліміздегі бірқатар түйткілді мәселердің шешілу барысындағы жұмыстарды атап, кейбір кодекстерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет екендігін түсіндірді. Кездесуге келген ардагерлер қаланың бірқатар өзекті мәселелерін атап, шешімін табуға қолдау көрсетуін сұрады.
— Ұласбек Сәдібекұлы осы жылдың наурыз айында депутат болып сайланғанан кейін Кентау қаласына іс сапармен келген болатын, тығыз жұмыстың салдарынан ардагерлерге келе алмаған еді. Міне, сәті түсіп, ат басын ардагерлер ұйымына бұрып, біздің ақсақалдарымыздың көкейлерінде жүрген мәселесін тыңдап, оның шешілуіне мұрындық болуды мақсат тұтып отыр. Қарап отырсаңыз, біздің моно қаламыздың да өзінің түйткіл мәселелері баршылық. Себебі, қалаға бөлінетін 90 пайыз қаржы облыс пен республика бюджетінен бөлінеді. Ал, қаланың өз кірісі 10 пайызды ғана құрайды. Онымен ауқымды жұмыс атқару мүмкін емес. Сондықтан, облыс пен ресубликалық бюджет есебінен шешілер қалаға керекті дүниелерді айттық, — деді Мұратша Түнтеков.
Өз кезегінде сөз алған халық қалаулысы ардагерлермен кездесіп, үлкендердің ақ батасын алуға ат басын бұрғанын атап өтті.
— Депутат болып сайланғаннан кейін 3 ай Мәжілісте жұмыс жасадық. Бірқатар заңдар өзгертулер мен толықтырулар енгізуге жолданды. Қазіргі таңда Мәжіліс депутаттарының саны 98-ге қысқарды. Бұрын Парламентте 3 партия болса, қазір 6 партия өз жұмысын атқаруда. Мен оңтүстік өңірден сайланғанан кейін, осы өңірдің мәселесін көтеріп, соның шешімін табуға ат салысуым керек. Сіздер маған үлкен үміт артқанан кейін, мен сол үмітті ақтауым қажет. Осыған орай Қазақстан Республикасының Премьер – Министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Онда 2020-2023 жылдар аралығында Түркістан облысының демографиялық өсімі 105,36%, бұл 2,1 миллионнан астам халықты құрайды. Өткен жылдармен салыстырғанда 108000-ге жуық көп. Қазіргі мәселелердің бірі, тұрғын үй құрылысын салу үшін берілетін жер телімдерінің мәселесі. Өздеріңізге белгілі Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 44 бабының 5-3 тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер тұрғын үй құрылысын салу үшін берілетін жер телімдерін тұрғындарға беруден алдын ол аумаққа инженерлік коммуникация жүйелерін жүргізу керек. Ал, бізде 2015-2017 жылға дейін берілген жер телімдерінің инфроқұрылым мәселелері әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ, — деді халық қалаулысы. Сондай-ақ, аталған мәселені шешу үшін әлі де республикалық бюджеттен қаражат бөлуді қажет ететіндігіне тоқталды.
— Дегенмен, ауылдық жерлердегі халыққа тұрғын үй салу үшін жер телімдерін үйлестіру кезек күттірмейтін мәселеге айналған. Мысалы, Түркістан облысында тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 408 мыңнан астам адам кезекте тұр, ал мен сайланған Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау қаласында жер кезегінде тұрған халық саны 155 мыңнан астам. Кейінгі 10 жылда кезекте тұрғандардың 2-3% ғана жер алған, кейбір азаматтардың кезекте тұрғандарына 10-15 жыл болған, осы уақытқа дейін жер ала алмаған, яғни жер кодексіндегі талаптар орындалмай жатыр. Мысалы, Сайрам ауданында 65 мың халқы бар Қарабұлақ ауылында 10 соттық жер телімінде яғни, қара шаңырақта 2-3 отбасы сол жерге үй салып тұруға мәжбүр. Жергілікті әкімдік қолда бар ресурсты пайдалануға қауқарсыз. Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілетін жер телімдеріне қойылатын талаптарды тұрғындар үшін оңтайлы жолдарын қарастыру қажет. Сонда біз оңтүстік өңіріндегі ең өзекті мәселелердің бірін шешуге ықпал еткен болар едік, — деді Мәжіліс депутаты.
Халық қалаулысының айтуынша, жер телімін беру мәселесі бүгін шешілмесе, кезек те одан әрі созыла береді.
— Біздің ұсынысымыз — жер телімін беретін кезде тұрғындар үшін оңтайлы жолдарын қарастыру және жер кодексіне өзгерістер енгізу қажет. Азаматтарға жер берсе, үйді өздері-ақ салып алады. Бұл — көп азаматты толғандыратын мәселе, — дейді депутат.
Сонымен қатар, соңғы кездері елімізде орын алған ажырасудың салдары да осы баспана мәселесіне келіп тірелетінін тілге тиек етті. Себебі, бір үйде үш-төрт отбасы тұратындықтан, түсінбеушілік орын алып, соңы ұрыс-жанжалға ұласып жатады. Жер телімін алуға өтініш қалдырған азаматтарға жер берілсе, ажырасудың саны азаятынын халық қалаулысы атап өтті.
— Кентау қаласында болып, жергілікті халықпен кездестім. Қала тұрғындарын жеке қабылдап, олардың мәселелерін тыңдадым. Ұмытпасам қабылдауға 7 адам жазылып, өздерінің көкейлерінде жүрген мәселесін көтерген болатын. Оның ішінде, Ы.Алтынсарин көшесіндегі №11 үйдің апатты жағдайдағы үйді жөндеу, қала аулаларын абаттандыру, М.Әуезов атындағы №22 мектеп-гиназиясына қосымша ғимарат салуға қаражат бөлу секілді мәселелер бар болатын. Сонымен қатар, Құсшы ата ауылынан келген жергілікті тұрғындар Сауран мен Кентау қаласына қарайтын бір ауылдың жайын атты. Ақылы қоғамдық жұмыс атқаратын жұмысшылар жалақысының көтеру, «Жасыл ел» жасақтарының атынан келген жастар еңбек жасағына қосымша қаржы бөлініп, жұмысшы жастардың саны көбейту керектігін жеткізді. Әрине, мен барлық мәселелермен мұқият танысып қарап, Мәжіліс отырыстарында ортаға саламын және де депутаттық сауал салу арқылы шешуге ықпал жасайтынымды да айтып өткен болатынмын. Мұнан соң, қаладағы №5 ЖЭО жұмысымен таныстым. Бүгінде Кентауды жылумен қамтамасыз етіп отырған орталық жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. Алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстары қазірден басталып кетті. Сонымен қатар, қаладағы жөндеуден өтіп жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен де таныстым. Бүгінгі таңда, қалада 55 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтуде. Сала мамандарына аталған жағдайларды назарға алу керектігін тапсырдым, туындаған мәселелерді Парламент қабырғасында көтеріп, тиісті министрліктерге жеткізеткіземін, — деді Мәжіліс депутаты.
Атап айтқанда, қала қариялары қалаға қарасты ауылдарды газға қосуға қаржы бөлдіру, экологиялық аймаққа кіру жайы, баларға арналған бұрыңғы лагерьлерді қайта іске қосу, техникалық қызметкерлердің айлығын көтеру секілді түрлі бағытта мәселе көтерді. Қала басшысы Жандос Тасов аталған жайттардың шешілу бағытындағы жұмыс барысын баяндап өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәбідеков республикадан қажет қолдауларды тиісті министрлікке жеткізіп, шешімін табуға барын салатынын жеткізді. Сондай-ақ, қала ақсақалдарының көтерген көкейкесті мәселесін тыңдап, көтерілген мәселенің шешілу жолын қала әкімінен сұрады.
— Сіздердің көтеріп отырған өзекті мәселелеріңізбен таныстым, әрбір айтылған ұсынысты жазып алып, Парламент Мәжілісінің жұмысы басталғанда депутаттық сауал ретінде жолдайтын боламын. Осында көтерілген мәселелердің басым бөлігі қала әкімнің құзыретіне кірмейтін мәселелер.
Келесі жылы ауыл, қала әкімдері қайта сайланатын болады. Сонымен қатар, шетелде Мэр қаланы басқарады. Оның қолында барлық құзырет бар. Мэрге тұрғындардың барлығы бағынады. Ал, біздің елімізде мұндай жүйе әлі қалыптасқан жоқ. Сондықтан да көптеген мәселе шешімін таба алмай келеді. Өзекті мәселені Мәжіліс депуттарына сауал ретінде жолдағандарыңыз абзал. Осы мәселеге байланысты Парламентте өз ойымды білдірген болатынмын, — деді халық қалаулысы.
Қазыналы қарияларымен өткен еркін, келелі кездесуде ардагерлер өздеріне қажет сауалдардың жауаптарына қанағаттанып, ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға ақ баталарын берді. Өз кезегінде халық қалаулысы жұмыс барысымен тағы да қаланың қазыналы қарияларына келетінін атап өтті.