Жақында Түркістан облысында таулы аймақтарда орналасқан 270 жер учаскесінің элиталық саяжай құрылысына заңсыз берілгені анықталды. Облыс прокурорларының мәлімдеуінше, өңірімізде азаматтарға жалған құжаттар ұсыну арқылы 26 жер учаскесін рәсімдегені және 28 жер учаскесінің орнын заңсыз өзгерту фактілері орын алған.Жергілікті атқарушы органдар Түркістан қаласы, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби және Түлкібас аудандарындағы 200 ауыл шаруашылық жерлерінің нысаналы мақсаттарын негізсіз тұрғын үй құрылысы және демалыс аймақтарына өзгерткен.Аталғандардың негізінде жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне қатысты билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану және алаяқтық фактілері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды.Бұдан бөлек прокурорлардың ұсынысы негізінде мемлекеттік органдар 400-ден астам жерді мемлекет меншігіне қайтару процесін бастады.
Жасыратыны жоқ, соңғы кезде «жер учаскесін кезектен тыс алып беремін» деп адамдардың сеніміне кіріп, алда, арбап алаяқтық жолымен олардың мүліктерін, ақшаларын қолды етіп, қылмыс жасау фактілері жиеленген. Құқық қорғаушылар мұндай олқылықтарға қарапайым халықтың қолданыстағы заңдардың талаптарын тиісті деңгейде білмеуі себеп болып отырғанын айтады. Елімізде қолданыстағы заңның талаптарына сәйкес ел азаматтары жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу кезегіне қою және бөліп беру туралы арыздарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беруі керек.ҚР Жер кодексінің 44-1-бабының 8-тармақшасында «жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері жергілікті атқарушы органдармен арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылады» делінген.
Айта кетейік, арнайы есепке қою кезінде азаматта жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет құқық берген жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі ескеріледі. Және оған нақты көз жеткізу үшін бұл туралы мәлімет мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорациядан сұратылады.Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» №255 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.Аталған заңнамада арнайы жеке бағдарламалар қарастырылмаған, сондықтан азаматтардың өтініштері тек кезектілік ретімен, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін табыстау аймақтардың нақты жоспарлау жобалары дайындалады. Бөлінетін жерлер инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етіліп, арнайы алаңшалардың дайын болуына қарай беріледі. Жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады.Жоғарыда көрсетілген заңның талаптары сақталмай үшінші тұлғалар арқылы тұрғын үй салуға жер учаскелерін алу заңсыз болып табылады.
Жалпы өңірімізде мұндай фактілер бойынша тіркелген қылмыстар аз емес. Әсіресе, алаяқтардың «жер кезегін жылжытып беремін», «Көпқабатты тұрғын үйден пәтер алып беремін» деген сыңайлы сөздерге сеніп, алданып соңында сан соғып қалғандар көп. Елімізде қолданыстағы заңда «Алаяқтық» деген сөзге мынадай түсінік берілген. «Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену». Бұл ойын жүзеге асыру үшін қылмыскер алдап, арбап азаматтардың сеніміне кіреді. Жақында Түркістан қаласының полицейлері алаяқтық жасаған жұмыссыз әйелді қамауға алды. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, өзіне таныс әйел 10 соттықтан 2 жер телімін алып беремін деп сан соқтырып кеткен. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 1 600 000 теңге ақшасын алған. Алайда бүгінгі күнге дейін не жер алып бермеген не ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті орта жастағы әйел тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Ол жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғын болып шықты.Белгілі болғандай, күдікті осындай жалған уәделер айтып, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Сезіктінің жалпы 2 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеге жуық. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 6 тарауында мемлекеттік және жеке меншікке қарсы қастандық қылмыстары үшін жауапкершілік тағайындалған. Соның ішінде, меншікке қарсы қылмыстық қастандықтың кең таралған түрлерінің бірі ретінде, осы алаяқтықты айтуға болады.Өңір полицейлері тұрғындарға күмәнді қызмет ұсынған адамдарға сенбеу керектігін ескертеді. Жеке басыңыздағы мәселенің тез шешілуін ойлап, алаяқтарға жем болып қалмаңыз. Есіңізде болсын, алаяқтар сіздің осал тұсыңызды зерттейді.
Түркістан облыстық полиция департаментінің статистикалық деректеріне сүйенсек, жыл басынан бүгінге дейін өңірімізде интернет-алаяқтық бойынша 311 (2022 жылы — 321) іс тіркелді. Оның 118–і (2022 жылы — 152) – сотқа жолданды. 129 –ы (2022 жылы — 159) ашылмай қалып тұр. Ашылу пайызы 47,7-і (2022 жылы 48%) құрады.Облыс аймағында алаяқтықтың 7 түрі кең таралған.Алаяқтық санын күрт өсірген фактор – интернет желісінде жасалатын сенімге кіру мен алдау оқиғалары.Республика бойынша 2022 жылы тіркелген 37 286 қылмыстың 47 пайызы интернет алаяқтықтар болса, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 35 пайызды (2240-тың 794-і) құраған.Көптеген жағдайда азаматтардың ғаламтор және мобильдік банкинг арқылы тексерілмеген есеп шоттарға ақша аудару салдарынан алаяқтықтың құрбаны болып отыр.
Жалпыстатистикалық мәліметке сүйенсек, облыс аймағында екі жыл ішінде 700-ге жуық интернет алаяқтығы тіркелген.Интернет-алаяқтықтардың күн сайын жаңа тәсілдері, жаңа схемалары пайда болуда.Облыс прокуратурасымен жүргізілген талдау нәтижесінде әлеуметтік жәлілерді «Whatsapp» мессенджерлерін қолдану арқылы облысымызда 200-ге жуық алаяқтық әрекеттері іске асырылған.



