Қазір әлеуметтік желіде декреттік демалысқа қалай миллион теңгемен шығуға болатыны жайлы кеңес беретіндер көбейді. «Декретке миллионмен» деген тақырып әрбір ананың назарын өзіне аудартатыны белгілі. Кімнің болса да декреттік демалысқа қомақты қаржымен шыққысы келетіні бесенеден белгілі ғой. Осыны оңды пайдаланған пысықайлар қазір мұндай кеңестерді өздеріне бір кәсіп етіп алған.
Құқық қорғаушылар олардың жақын адамдардың сеніміне кіріп, «декреттік демалысқа миллионмен шығарып береміз» деп ірі көлемде ақша алып, көлеңкесін де ұстатпай кететінін айтады. Бүгінде осындай алаяқтардың құрығына түсіп, заң органдарын жағалап жүрген аналар азаймай тұр.
Жалпы бұл «декреттік демалысқа миллионмен» деген бастама жаман емес. Соңғы үш жылда елімізде қосымша жеке кәсібін ашып, декреттік демалысына миллион теңге көлеміндже әлеуметтік төлем алған аналардың саны едәуір көбейіпті. Әрине, жеке кәсібін бастап, елімізде шағын және орта бизнес өкілдерінің қатарын толықтырып жатқан аналардың ісі қуантады. Статистикалық деректерге сүйенсек, ағымдағы жыл басынан бүгінге дейін 1,5 млн жеке кәсіпкер тіркеуге алынған екен. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20 пайызға көп.
Дегенмен, мұның екінші жағы да бар. Қазіргі таңда алаяқтар декреттік деалысқа миллион теңгемен шыққысы келетін аналарды өздерінің фирмаларына тіркеп, аналардан ай сайын мемлекетке төленетін салықты алып отырады. Осылайша олардың зейнетақы қорына үстемелеп ақша аударып, мемлекеттен аз уақыттың ішінде миллиондап жәрдемақы алуына себепкер болып отыр. Үйде отырған аналар осындайлардың арқасында миллиондарға қарық болып жатыр. Ал, енді біреулер осындай сәтті тиімді пайдаланып, декреттік демалысқа миллион теңге шығарып беремін деп аяғы ауыр келіншектерді алдап кетіп жатыр.
Айталық, менің бір танысым декреттік демалысқа миллион теңге жәрдемақы алатындай етіп құжат дайындап беремін деген танысына ай сайын 40 мың теңге беріп тұрған екен. Бір күні ол несие алмақ болып, банкке барса банк менеджерлері «Сіздің атыңызда ешқандай төлем жарнасы жоқ. Сол себепті несие ала алмайсыз» депті. Ол сол жерде мәселенің мәнісіне жетпек болып, әлгі танысына хабарласса ол ақшаны өзінің жеке басының қажетіне жаратып жүргенін мойындаған екен.
Сондықтан да декреттік демалысқа миллион теңгемен шығарып беремін дегендердің барлығына сене беруге болмайтынын айтқымыз келеді. Әлгіндей алаяқтардың арбауына алданып, сан соғып қалмаңыздар дегіміз келеді.
ҚР Бас прокуратурасының таратқан деректеріне сүйенсек, соңғы бес жылда елімізде тіркелген интернет-алаяқтық қылмыстардың саны он есеге дейін өскен. Нақты деректер келтірер болсақ, 2017 жылғы 2 мыңнан 2021 жылы 21 мыңға дейін ұлғайған. Соның ішінде әр түрлі жобаларға тиімді ақша салу, азаматтардың жеке деректерінің жария етілуіне байланысты банктік шоттардан қаражатты ұрлау секілді сылтаумен жасалған желідегі алаяқтық схемалар жиі кездеседі.
Соңғы жылдары қоғамымызда скам алаяқтар деген тіркес жиі айтыла бастады. Ағылшын тілінен аударғанда «scam» сөзі «афера» немесе «алаяқтық» деген мағынаны білдіреді. Негізінде, скам – бұл тез пайда табу мен байып кетуді мақсат ететін алаяқтық инвестициялық жоба болып табылады.
Скамның түрлеріне келер болсақ. Инвесторлар арасында уәде етілген дивидендтер мен пайыздарды төлеуді тоқтататын, сондай-ақ өзінің мәміле шарттарын бұзатын жобалар «скам» деп аталады. Негізінен скам жобалары қаржылық пирамида болып табылады. Яғни, жаңа клиенттердің есебінен бұрын келгендерге пайыздар төленеді, оларды осылай тарта отырып, өздерінің адалдығына сендіреді. Адам артық пайда тапқаннан кейін оның сақтығы мен ұтымды ойлау қабілеті төмендейді.
Скамның негізгі мақсаты – адамдардан мүмкіндігінше тезірек ақша жинап алу. Мұндай жобаларды жүзеге асыруды мақсат еткендер әртүрлі схемалар ойлап табады. Дегенмен, барлығының нәтижесі бір. Ең соңында салымшылар өздерінің алданғанын біледі және жобаларды ойлап тапқан басшыларының жоғалып кеткеніне көз жеткізеді.
Әлемде кең таралған скамдар жайлы айтайық. Олардың барлығы әлеуметтік желіле, онлайн түрінде жүзеге асады. Скам жүргізушілері адамдарға өте тиімді болатын акциялар туралы мәлімдейді. Алып-сатумен айналысатын жалған интернет-дүкендер секілді сайттар құрады. Түрлі марафондар өткізуге де құштар келеді. Сосын криптовалюталар ойлап табады. Бұл алаяқтарға арналған қойма. Мемлекеттер оны қалай реттеуге болатынын әлі ойлап тапқан. Сондықтан, скамдар адамдарды ондаған есе өсетін жаңа биткоинге инвестиция салуға көндіреді. Алаяқтар өздерін табысты брокерлер ретінде көрсетіп, ең тиімді және болашағы бар жобаларға ақша салуға уәде береді. Сонымен қатар, алаяқтар түрлі платформаларды жасайды, олардың айтуынша, онда электронды валютаны сақтау тиімді, ал шын мәнінде олар қажетті соманы тергеннен кейін жоғалып кетеді.
Жоғарыда біз тілге тиек еткен, яғни декреттік демалысқа миллион теңгемен шығаруға уәде беретін, адамдардың қомақты қаржыларын инвестициялап алғаннан кейін жоғалып кететін алаяқтардың да жобасын скамның бір түрі деп қарастыруға болады. Жалпы соңғы уақытта елімізде тіркелген қылмыстардың денін осы алаяқтық қылмыстар құрап отыр.
Сондықтан, алаяқтардың құрбаны болмас үшін біріншіден, жеке деректеріңізді, оның ішінде пластикалық карталардың деректемелерін ешкімге айтпаңыз, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен кодтық сөздерді ешкімге жібермеңіз.Тексерілмеген және күмәнді ақпарат көздеріне, мысалы, белгісіз адамдарға, әсіресе Интернетте, сенуге болмайды. Әрқашан ақша мәселелеріне қатысты кез келген ақпаратты тексеріңіз және ересектермен, отбасыңызбен және жақындарыңызбен кеңесіңіз. Сосын тексеріп алмай тұрып тауар үшін алдын ала төлем жасауға болмайды, тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасаңыз. Егер сіз сатып алушының немесе сатушының шынайы екеніне күмәндансаңыз және алдауы мүмкін деп ойласаңыз, онда мәмілені тоқтатыңыз, тауар немесе қызмет үшін бірден ақы төлеуге асықпаңыз. Сіз әрқашан күте аласыз. Сізде ақша бар кезде талапты да сіз қоясыз және сол немесе басқа тауарды не қызметті сатып алу керек пе, жоқ па, оны сіз шешесіз.
Әрқашан қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз. Айталық, ешқашан күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, әйтпесе алаяқтар сіздің жеке деректеріңізді пайдаланып шоттағы ақшаны автоматты түрде шешіп алады. Бейтаныс нөмірге өзіңіз қайта қоңырау шалмаңыз. өзіңіз білмейтін барлық белгісіз сайттарды интернет арқылы тексеріңіз, шолуларды қараңыз, ақпаратты талдаңыз. интернеттегі банкинг қызметтерге кіретін құпиясөздерді жиі өзгертіңіз, мамандарға жолығып, гаджетке антивирус орнатуды сұраңыз. Шоттардағы ақша қозғалысын, қанша қаражат түскенін және қашан жұмсалғанын үнемі тексеріп отырыңыз. Егер сіз интернет арқылы зат сатып алсаңыз, операцияларды растау үшін құпия кодты ешкімге айтпаңыз. Ол әдетте SMS арқылы келеді. Егер сізге күтпеген жерден «банктен» сіздің шотыңызға қаражат аударылғаны туралы SMS келіп түссе, одан кейін сізге белгісіз адам қоңырау шалып, сізге ақшаның қате аударылғанын айтып, оны қайтаруды сұраса, онда оның айтқанын жасауға асықпаңыз. Бұл алаяқтар болуы мүмкін. Яғни, сізге ақша түскен жоқ, ал SMS – жалған. Сондықтан, бұл жағдайда барлық шоттарыңызды дереу тексеріп, онлайн-банктен үзінді-көшірмені қараңыз немесе оны онлайн-банкинг арқылы ата-анаңыз жасасын. Телефоныңызға «Сатып алуды растаңыз» деген хабарлама және код келіп түссе, сосын бірден сізге белгісіз адам қоңырау шалып, сіздің телефон нөміріңізді қате көрсеткенін, телефоныңызға келіп түскен кодты айтып жіберуді сұраса, ешқашан айтқанын орындамаңыз. Қылмыскерлерге сізден алған код шотыңыздан ақша алу немесе сізді қажет емес ақылы қызметке жазу үшін қажет.
Желідегі аккаунттарыңызға сенімді құпиясөздерді қалай жасауға болатыны жайлы да айта кетейік. Сенімді құпиясөз жеке деректеріңізді қорғауға, хаттарыңызды, файлдарыңызды және басқа материалдарыңызды құпия сақтауға және аккаунттарыңызды бұзуға тырысатын алаяқтардан аулақ болуға көмектеседі.Құпиясөз кемінде 12 таңбадан тұруға тиіс. Бұл әріптердің, цифрлардың және басқа белгілердің кез келген топтамасы болуы мүмкін. Құпиясөз неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым сенімді болады. Мысалы, бұл: әннен немесе өлеңнен алынған жол; белгілі адамның фильмінен немесе сөзінен алынған цитата; кітаптан алынған цитата; сіз үшін мағыналы фраза; аббревиатура (мысалы, сөйлемдегі әр сөздің бірінші әріптерінен).Оңай табылатын құпиясөздерді пайдаланбаңыз. Сізді танитын адам болса, құпиясөзді оңай табуы мүмкін. Мысалы, сіздің әлеуметтік желілеріңіздің мәліметтері бойынша.Тым қарапайым құпиясөздерді алмаңыз, мысалы, Danik123, онда өз атыңызды және туған жылыңызды көрсетпеңіз. Жеке мәліметтер мен жалпылама пайдаланылатын сөздерден аулақ болыңыз. Өзіңізге есте сақтау оңай болатын, бірақ бөгде адамдар оны таба алмайтын құпиясөзді орнатқан дұрыс. Құпиясөздерді жиі өзгертіп отырыңыз.Сенімді құпиясөзді орнатқаннан кейін оның қауіпсіздігіне назар аударыңыз. Жазылған құпиясөздерді қауіпсіз жерде сақтаңыз. Егер құпиясөздерді ұмытпау үшін оларды жазып қою қажет болса, оларды, мысалы, үстелдің үстіне қалдырып, компьютер мониторына жабыстырып кетпеңіз, телефон жазбаларының ішінде сақтамаңыз.
Орайы келгенде айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрлігі елімізде интернет арқылы елдің ақшасын үптеп кетуге тырысатындардың әрекетіне тосқауыл қою, яғни күресу үшін Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде«CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Қазіргі таңда аталған топ өңірден 31 тұрғынды қолға түсіріп, олардың 56-сының интернет-алаяқтық қылмысқа қатыстары бар екенін дәлелдеген.
«Cyberpol» арнайы тобының мүшелері алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында бірқатар шараларды атқаруда. Мәселен, жақында Түркістан облысының полицейлері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Өңір полицейлері «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық іс ашылғанын айтады. Сондай-ақ, шұғыл іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 10 факт интернет-алаяқтық қылмысын жасап, жасырынып жүрген тұрғын анықталды,.
«Қоғамымызда интернет алаяқтарының көбеюінің бірден-бір себебі халықтың қаржылық сауатсыздығы мен құқықтық және компьютерлік сауатсыздығынан», — дейді құқық қорғаушылар. Оған қоса ақпараттық түсіндіру жұмыстарының да аздық етіп отырғаны бар.
Интернет алаяқтарынан өзіңізді және жақындарыңызды сақтай жүріңіз. Ол үшін біз жоғарыда айтып өткен сақтық шараларын қолданыңыз.



