Жақында Төлеби ауданында төрт адамды «жұмысқа орналастырып беремін» деп алдаған алаяқ ұсталды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі оқиғаның қалай болғанын былай деп мәлімдеді:
«Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, таныс ер адам Атырау қаласына «жұмысқа орналастырып беремін» деп сеніміне кіріп, 1 миллион теңгеге жуық ақшасын жымқырған. Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы жергілікті тұрғынды уысына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Куәлардан жауап алу барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.Анықталғандай, ер адам алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Бұдан бөлек осы секілді тағы 3 жайтқа қатысы бар екені анықталды. Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде».
Жалпы соңғы уақытта елімізде тіркелген қылмыстардың денін осы алаяқтық қылмысы құрап отыр. Соның ішінде интернет алаяқтығының салмағы басым. Ғаламторда қысқа мерзім ішінде жоғары табыс көзі туралы немесе үміткерлерге саусақпен санаулы талаптар қоятын хабарландыруларды жиі кездестіруге болады. Құқық қорғаушылар мұндай бос жұмыс орындарының артында алаяқтар тұруы мүмкін екенін айтады.
Мұндай хабарландыруларда ақша аударымдары және қолма-қол ақшаға айналдыру, құжаттар ресімдемей, яғни ешқайда тіркелмей, толық «қашықтан» режиміндегі жұмыс ұсынылады. «Жұмыс берушілер» «бірнеше сағат ішінде жақсы табыс», «тексерулерсіз және құжаттар толтырмай жұмысқа орналасу», «жоғары табысқа кепілдік» деген сөздерді жиі пайдаланады. Олар не жалақыны көрсетпейді, не болмаса бір-екі сағат жұмыс үшін көп ақша ұсынады. Алаяқтық бос жұмыс орындарында ізденушіге ақша аударуды жүзеге асыру және жұмыс берушімен онлайн іс-әрекетке түсуден басқа, не білімінің деңгейі, не жұмыс тәжірибесі бойынша қойылатын нақты кәсіби талаптар көрсетілмейді. Есіңізде болсын, жұмысқа қабылдайтын мұндай адамдарды дропперлер немесе дроптар деп атайды.
Дроппер немесе дроп – бұл алаяқтар ұрлаған ақша үшін өзінің банк картасын «транзиттік» картаға айналдыруға келісетін адам. Карточкасын үшінші тұлғалар пайдаланғанын білмеген ондай адам алаяқтық объектісіне айналуы мүмкін. Осылайша, дроп өзінің қылмыстық схемаға тартылғанын әрдайым түсіне бермейді, өйткені алаяқтар әдетте өз әрекеттерін «заңды бизнес» ретінде жасырады.Дропты әр түрлі шоттар арасында заңсыз алынған ақшаны аудару үшін жалдайды. Бұл қылмыскерлерге іздерін жасыруға және тергеу жұмысын қиындатуға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда алаяқтық аударымдар әр түрлі елдерде және әр түрлі адамдардың атынан жасалуы мүмкін. Дроппер өз жұмысы үшін қаскүнемдер оның көмегімен аударған ақшаның пайызын ала алады.
Онлайн-алаяқтықты тергеу кезінде тергеушілер бірінші кезекте дроптарға шығады. Әдетте, олар қылмыскерлердің сыбайлас қатысушыларына айналады және ҚР Қылмыстық Кодексінің «Алаяқтық» 190-бабына сәйкес бас бостандығынан айыруға дейін тиісті жаза алуы мүмкін.
Жұмыс іздеушілер жұмыс қарастырған кезде делдалдар мен жалған жұмыс берушілерге жиі жолығып жатады. Рекрутинг алаяқтардың мұндай айла-амалдарына қалай түспеуге және күмәнді ұсыныстарды қалай танып-білуге болатыны жайлы да кеңірек айта кетейік. Мәселен, Telegram және WhatsApp сияқты мессенджерлерде жұмыс ұсынатын көптеген арналар мен топтық чаттар бар. Алайда, әлеуетті жұмыс берушіні таңдауда мұқият болу керек және ешқандай жағдайда ешкімге жеке деректеріңізді жібермеу керек. Айталық, мессенджерде сізге қандай да бір интернет-дүкеннің тауарларына оң пікірлер жазу туралы жұмыс ұсынылды делік. Бір пікір – 2 000 теңге, ал жұмыс беруші сіз күніне 200 000 теңге ақша таба аласыз деп уәде береді. Сіз келісесіз, содан кейін сізден жеке куәлігіңіздің суретін, банк карточкасының суретін және тіркелген мекенжайыңызды жіберуді сұрайды. Сіз бірнеше күн жұмыс істеуіңіз мүмкін, тіпті ақша да аласыз, бірақ содан кейін олар сізбен байланысын тоқтатады. Уақыт өте келе сізге банктен қоңырау шалып, ай сайынғы кредит жарнасын төлеуді талап етеді. Полицияда бірдеңені дәлелдеуіңіз екіталай, себебі қарыз алу кезінде сіз өзіңіз жұмыс берушіге жіберген барлық қажетті деректерді бергенсіз.
Сосын алаяқтар түрлі әлеуметтік желілер арқылы жұмысқа орналасуға белсенді шақыратын жағдайлар жиілеп кетті. Алаяқтық схемасы мынадай: азаматтарды қызығарлық ұсыныстармен жұмысқа орналасуға шақырады. Егер қызығушылық танытып, көрсетілген нөмірге немесе тікелей аккаунтқа жазсаңыз, сізден шағын тестілік тапсырманы орындауды және көрсетілген шотқа «кепіл» ретінде азғантай сома аударуды сұрайды және бұл сома жай ғана формальды екеніне және оны төлегеннен кейін сізге теріп берген мәтіндер үшін бірден қаламақы беріледі деп сендіреді. Ақшаны аударғаннан кейін алаяқтар сізді бұғаттайды және орындаған тапсырма үшін төлемді де, аударған кепіл жарнаңызды да ала алмайсыз.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде маркетплейстерде ақша табу курстарын жиі кездестіруге болады. Алаяқтар мұны да пайдаланып қалуға тырысып бағуда және алдаудың жаңа схемасын жасап үлгерді: оның мәні мынада – Сіз танымал интернет-дүкендердің жалған веб-сайтына кіріп, қызметкер ретінде тіркелуіңіз керек.Алайда, тіркелу кезінде Сізден телефон нөмірін көрсету және балансты толтыру талап етіледі. Осылайша, алаяқтар азаматтардың төлем карточкаларының деректерін қолды етеді. Бұған дейін алаяқтар адамдардың деректерін пікіртерімнен өткені үшін ақша төлеуді уәде етіп алатын.
Алаяқтардың бірінші міндеті – жұмыс іздеп жүрген адамды құрығына түсіру. Жұмысқа аламыз деп кепілдік беру – бұл нақты әрі тартымды тұжырым. Мысалы, адамға жеделдетілген бағдарлама бойынша оқудан өту ұсынылады, содан кейін ол 100% қызметке қабылданады-мыс. Жұмысқа тұрушы оқудың немесе курстың ақысын төлейді, ал төлемді алғаннан кейін жалған жұмыс беруші ізін суытады. Нәтижесінде – жұмыс та жоқ, кепілдік те жоқ.Сізге рекрутер қоңырау шалып немесе жазып, белгісіз бір компанияға жұмысқа шақырады. Содан кейін ол жеке куәліктің көшірмесін және жеке деректері бар басқа құжаттарды жіберуді сұрайды, жеке нөмірге келетінSMS-код арқылы еңбек шартына қол қою қажет деп алдайды. Шын мәнінде бұл деректер сіздің атыңызға кредит алу үшін қажет.Мұндай жағдайларда қарапайым ережені есте сақтау маңызды – адал жұмыс беруші немесе қашықтан кадрларды іріктеу агенттігі еңбек шартын SMS-код арқылы қол қою жолымен рәсімдемейді. Бұл тек алаяқтар болуы мүмкін.
Елімізде алаяқтық жасап анықталғандар ҚР Қылмыстық Кодексi
190-бабы бойынша жазаға тартылады. Толығырақ айта кетсек. Конституцияда: «Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену –
мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», — делінген. Сонымен қатар,
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) алып тасталды — ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен;
5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Үшіншіден,
1) ірі мөлшерде;
2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса;
3) екі немесе одан да көп адамға қатысты;
4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды:
1) қылмыстық топ жасаса;
2) аса iрi мөлшерде жасалса, –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, ал осы баптың үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР Ішкі істер министрлігі өкілдерінің сөзіне сүйенсек, 2021 жылы елімізде 19 мың интернет-алаяқтық қылмысы тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 20 мыңнан асып-жығылған. Қазіргі таңда өңірлерде алаяқтықпен күрес жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген болатын. Облыстың тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған «Cyberpol» арнайы тобы қарқынды жұмыс көрсеткішін көрсетіп, «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық іс ашылды. Сонымен қатар шұғыл іздестіру шараларын жүргізу барысында, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 10 факт интернет-алаяқтық қылмысын жасап, жасырынып жүрген тұрғын анықталды.Белгілі болғандай, аталмыш күдікті жас жігіт әлеуметтік желілерге «вахталық жұмысқа тұрғызып беремін» деген жарнама салып, жәбірленушілердің сеніміне кірген. Содан тұрғындардың ақшасын өзінің таныстарының есепшотына аудартып отырған. Күдікті азаматтың қылмыстық әрекеттерінен жәбірленушілерге 1 200 000 теңгеге жуық материалдық шығын келген.Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Астана қаласынан жеткізілген күдіктінің бұрын дәл осындай алаяқтық жасағаны үшін сотты болғаны анықталды.
Оның алдында Мақтаарал ауданында мектепке жұмысқа тұрғызып беремін деп бірнеше тұрғынды алдап, ақшаларын алып кеткен алаяқ ұсталған болатын. Орайы келгенде бұл оқиға туралы да айта кетейік. Мақтаарал аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдер өз арыздарында танысы «мектепке жұмысқа орналастырып беремін» деп уәде беріп, қомақты қаржы алғанын көрсеткен. Арадан біраз уақыт өткенімен, жәбірленушілер не жұмысқа орналаспай, не берген ақшаларын ала алмаған. Осылайша алаяққа алданғанын түсінген тұрғындар полицейлерден көмек сұрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Ақпарат алысымен шұғыл-іздестіру іс-шараларын жүргізген тәртіп сақшылары осы жайтқа қатысы бар күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жергілікті тұрғын ер адам болып шықты. Тәулік ішінде тұрғылықты мекен-жайынан ұсталған сезікті, полицияға жеткізілді.Анықталғандай, ол 10 бірдей тұрғынды алдап, 12 миллион теңгеге жуық қаражат алған. Содан оңай жолмен келген ақшаны бас пайдасының қажеттілігіне жұмсап жіберген.Бүгінде өз кінәсін мойындаған күдікті ер азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Міне, сондықтан да өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардың алдауынан, арбауынан сақтай жүріңіз. Ол үшін біз жоғарыда айтып өткен кеңестерді жадыңызда ұстаңыз және оларды жақындарыңызға айтып, хабардар етіңіз.



