Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері “Киберқылмыспен күреске арналған бағдарлама” жоспарын іске асыру шеңберінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, бұрын бірнеше рет сотты болған, Қазақстан аумағында бірқатар қылмыстар жасады деп күдікке ілінген 31 жастағы ер адамды ұстады.
Аталмыш Жамбыл облысының тұрғыны қылмысты алдын ала жоспарлап, кез келген өтіп бара жатқан адамдардан қоңырау шалу үшін ұялы телефондарын сұрап алып, содан кейін жасырынып отырған. Ол ұрлаған ұялы телефондарды ірі қалалардың базарларында сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Бүгінгі таңда полицейлер күдіктінің Түркістан облысында жасалған 10 алаяқтық қылмысы мен 1 автокөлік ұрлау фактісіне қатысы бар екенін дәлелдеді. Сонымен қатар ер адамға Қызылорда облысында ұрлық жасағаны үшін іздеу жарияланған. Сондай-ақ «ұрлық» пен «алаяқтық» баптары бойынша Қазақстанның 3 мегаполисі мен 5 облысында жасалған 22 қылмысқа қатысы бары анықталды.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Оның басқа осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛМАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК!!!
– банк карточкасының және жеке куәлігіңіздің екі жағының суретін бейтаныс адамдарға жібермеңіз.
– абоненттік нөміріңізге келіп түскен смс-кодтарды үшінші тұлғаларға жібермеңіз.
– жеке құжаттарыңызды өзгелерге жібермеңіз, ұйымның шынайылығына көз жеткізіңіз
– бейтаныс адамдардың Qiwi әмиянына ақша қаражатын салмаңыз
– тауарды сатып алу (сату) кезінде, сондай-ақ интернет сайттар бойынша ұзақ және қысқа мерзімге пәтерді жалға алу кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз.



