Шардара ауданындағы М.Әуезов атындағы №1 жалпы орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының ұйымдастыруымен аудандық семинар өтті. Іс-шараның мақсаты ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар байланысын нығайту болды.
8-сынып оқушыларының сынып жетекші М.Айдарбекова «Отбасы мен мектеп құндылықтары» атты тақырыпта коучинг сабағын өткізді. Одан кейін аталған білім ордасының педагог-психолог маманы Л.Смайлова 9-сынып оқушыларына «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбында тренинг сабағын, мектеп мұғалімі Г.Малыбаева 10-сынып оқушыларына «Қыз бала ұлттың ұяты, халықтың шырайы» тақырыбында сынып сағатын өтті. Ал, ата-ана Г.Қожанова мен А.Фазылова 11-сынып оқушыларына «Отбасы бақыт мекені» атты тақырыпта сынып сағатын жүргізді.
Аталған мектептің үйірме жетекшілері Әжелер мектебімен бірге «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда!» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Семинар соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Шамиева сабақ өткен ұстаздарға, ата-аналарға, Әжелер мектебіне алғысын айтып, семинарды қорытындылады.
Айта кетейік, бүгінде Шардара ауданында 31 мемлекеттік мектеп бар. Онда 19 мыңнан астам оқушы білім алуда. 41 балабақшада (17 мемлекеттік, 23 жеке меншік, 1 шағын орталық) 4636 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Мектептердің информатика кабинеттері 3837 компьютермен жабдықталған, нәтижесінде 1 компьютерді пайдаланатын оқушы саны 5,47 бірлікке жетті. Аудан мектептерінің телефонмен байланысы және интернет желісін пайдалану 31 мектептің барлығында орнатылған.
Өткен жылы «Шардара мектеп-лицейіне» облыстық бюджеттен 254,9 млн теңге қаржы қаралып, ғимарат күрделі жөндеуден өтті.30 мектепке 83,7 млн теңге қаржы қаралып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.Сонымен қатар 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда 2 мектептің құрылысын жүргізу қолға алынды. Жобаға сәйкес, 1500 оқушы заман талабына сай мектеппен қамтылады (Шардара қаласындағы 4-ші мөлтек ауданына 1200 орындық, Өтеғұл мөлтек ауданына 300 орындық) деп күтілуде. Қазіргі таңда аталған мектептерге жер телімдерінің мемлекеттік актілері және тиісті техникалық шартары алынып рәсімделді.