Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында былтыр ғана бой көтерген «Зейін ашу» ЖШС-нің бастауыш мектебі ауыл оқушыларына заман талабына сай мүмкіндіктер жасап, балалардың жан-жақты дамуына аянбай үлес қосып келеді. Аталған мектеп директоры білікті де, білімді басшы Гульжазира Базарбайқызы балалардың сапалы білім алуына зор мүмкіндіктер жасауда.
Аталған білім ордасының өзгелерден ерекшелігі де сол, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында әр аптаның жұма күні оқушыларға ұлттық нақышта киіну белгіленген. Бастауыш мектеп болса да оқушыларды ғылыми жобаға дайындау үрдісі дұрыс жолға қойылған. Оқушылардың жан-жақты дамуына септігін тигізетін қосымша сабақтар, ақысыз, тегін, түрлі үйірмелер, үздіксіз жұмыс жасап келеді. Атап айтсақ, мұнда «хореография», «таэквандо», «шахмат», «көркем сөз оқу» секілді үйірмелерге қатысатындар көп.
«Зейін ашу» ЖШС-нің бастауыш мектебі 3-ауысымды мектептердегі оқушыларды талапқа сай оқыту мақсатында 2022-2023 оқу жылында ашылды. Мектеп 150-оқушыға лайықтап салынған. Биылғы оқу жылында аталмыш мектепте 2 аусымда 220 оқушы білім алуда.
Айта кетейік, бүгінде Ордабасы ауданында 73 мектеп жұмыс істеуде. Оның 66-сы мемлекеттік, 7-еуі жекеменшік мектеп. Жалпы ауданда білім саласына былтыр 34 млрд 828 млн. теңге қаралған болатын. Бұл қаржы толығымен игерілді. Мемлекеттік 66 мектептің 52-сі жалпы орта, 2-еуі негізгі орта, ал 12-сі бастауыш мектеп. Оқушы саны дайындық тобымен қоса есептегенде 37 289-ды құрады. 1-ші сыныпқа 3 405 оқушы қабылданды. Аудандағы 50 мектептің ғимараты типтік үлгіде салынған. 16 мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Саманнан салынған 2 білім ұясы бар. Апатты мектеп жоқ.
Үш мектепке жаңа ғимараттар салынып пайдалануға берілді. (С.Мұқанов мектебіне 300 орын, З.Исабеков мектебіне 200 орын. Ақбастау мектебіне 100 орын.) Сонымен қатар, ауданда үш жекеменшік мектеп ашылды. (Бадам ауылы, Орда мөлтек ауданынан «Ұлы Орда» және Шұбарсу ауылынан «Көктөбе», «Sia bilim» жекеменшік бастауыш мектептер.) «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары аралығында ауданда 5 мектеп құрылысын қолға алу жоспарланған болатын. Елшібек батыр ауылындағы «Төрткүлтөбе», Ынтымақ ауылындағы С.Ысқақов атындағы жалпы орта мектептеріне 200 орындық мектеп құрылыстары 2024 жылға ұсынылды. Қаржы қаралған жағдайда құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.