Сауран ауданының орталығы — Шорнақ ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектепте оқушыларға бірнеше шағын фильм көрсетілді.
Кино көрсетілімді облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Оңтүстікфильм» мекемесі мен Сауран аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды. «Ұлттық кино» жобасы аясында өткен іс-шарада мектеп оқушылары назарына «Бала Ахмет», «Көне құмыраның сыры», «Айбынды аула» атты анимациялық фильмдер ұсынылды.
«Оңтүстікфильм» мекемесі алдағы уақытта дәл осындай кинокөрсетілімді өзге де аудан, қалаларда жалғастыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Сауран ауданында 3 мыңнан астам педагог бар. Оның 51-і «педагог-шебер», 507-і «педагог-зерттеуші», 813-і «педагог-сарапшы», 756-сы «педагог-модератор», 1071–і «педагог» санатын алған.
Былтыр біліктілік арттыру курсынан өту үшін 734 педагогке сұраныс беріліп, барлығы курстан өтті. «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы АҚ-ы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты ұйымдастырған курстардан – 473, Педагогикалық шеберлік орталығы базасында — 163, Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты тарапынан ұйымдастырылған курстардан 98 педагог біліктіліктерін арттырып, білімдерін жетілдірді.
Бөлімге қарасты 54 мектеп бар. Оның ішінде 36 жалпы орта мектеп, 1 негізгі мектеп, 5 бастауыш, 12 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Онда 25 634 оқушы білім алады. Өткен оқу жылында бөлімге қарасты 48 жалпы білім беретін мектеп жалпыға міндетті стандарт талаптарын орындауда жоғары көрсеткіш көрсетті.Атап айтқанда, мектептердегі үлгерім 100 пайызды, білім сапасы 66 пайызды, орта балл – 3,6 пайызды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызға жоғары.
Өткен оқу жылында мектепті 1335 түлек бітіріп, 1052 оқушы ҰБТ-ға қатысты. ҰБТ нәтижесінде жалпы орта балл 72,8-ді құрап, 60 оқушы «Алтын белгі» иеленді. Сонымен қатар, 2022-2023 оқу жылында 6 мектеп мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтіп, 4,9,11 сынып оқушылары жоғары білім деңгейін көрсетті.