Қазығұрт ауданындағы «Қосағаш» жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Қазақтың үш бәйтерегі» атты тақырыпта іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара аясында көрме жасалынып, оқушылар қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқып, тарихтар сыр шертті.
Іс-шараның мақсаты ұлағатты адамдардың өмірімен шығармашылық жолын оқушыларға таныстыру, азаматтық тұлғасын таныту. Кітап оқу, ауызша сөйлеу, көпшілік алдында сөйлей білу, есте сақтау қабілеттерін дамыту болды. Сонымен қатар, осындай мазмұндағы іс-шараларды ұйымдастыру арқылы оқушыларды биік адамгершілікке, елжандыққа баулу да көзделді.
«Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген ұлылардан қалған дана сөз бар. Өткен жылы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, идеология мәселесіне баса көңіл бөлу керектігін айтып, балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызын атап өткен болатын.
«Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», — деді Президент.
Елімізде мектеп оқушыларын кітап оқуға, заманауи бағытта білім алуына барынша жағдай жасалуда. Айталық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен педагогтердің республикалық съезінде елді мекендерді, оның ішінде, ауыл-аймақтағы білім ошақтарын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын. Осы орайда Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасы аясында аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов пен Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов интернет мәселесін бақылау мақсатында Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылдық округі, Аққұм елді мекеніне барған болатын.
Аққұм елді мекеніне қазан айында «Кселл» АҚ тарапынан 4G стандартын қолдайтын базалық станса орнатылды. Мобильді интернет желісінің жылдамдығы 21 Мбит/с құрайды. Сонымен қатар «Аққұм» бастауыш мектебі «Транстелеком» АҚ тарапынан 10 Мбит/с жылдамдықты интернет желісімен қамтылған болатын. Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының бастамасымен «Аққұм» мектебі «Транстелеком» АҚ-ның радиокөпір технологиясы арқылы жылдамдығы 20 Мбит/с құрайтын интернет желісімен қамтылды.
Мектепте интернет мәселесі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамту жоспары есебінен толығымен шешіледі деп көзделіп отыр.Аппарат басшысы мектеп ұжымымен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты. Жұмыс барысына кедергі келтіретін жайттарды дер кезінде хабарлап, мәселені шешуге бірлесе жұмыс атқаратынын тілге тиек етті. Президенттің білім беру жүйесін сапалы әрі ауқымды цифрлық трансформациялау тапсырмасына сәйкес жұмыстар атқарылмақ. Осы ретте Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов интернет мүмкіндігін тиімді пайдаланып, оқушылардың білімін арттыруға онлайн байланыс арқылы облыстағы білікті ұстаздарды тартуды ұсынды. Аппарат басшысы ұсынысты қолдап, байланыс операторларының басшыларына да ұсыныстар берді. «Аққұм» мектебінде «Транстелеком» АҚ қаражаты есебінен пилоттық жоба ретінде мектеп ішіндегі жергілікті желілерді ұйымдастыру жобасы іске асырылады.
Ауданға жұмыс сапары барысында аппарат басшысы ауылдарға оптикалық интернет желісін тартуды қолға алған жеке инвестормен кездесті. Жұмыс барысын бақылап, жұмысты абыроймен аяқтау керек екенін жеткізді.«COMDATA» ЖШС Қазығұрт ауданы елді мекені тұрғындарына электр беру және жарықтандыру тіректері бойынша заманауи GPON технологиясын қолдана отырып, оптикалық байланыс желілері арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта елді мекендерді сапалы интернет желісімен қамту жұмыстары жалғасады. Бұдан бөлек, білім ұяларына толық дабыл қағу және бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары да бақылауда болады.
Айта кетейік, «Қазақтелеком» АҚ облыс аумағындағы интернет жылдамдығы төмен 84 мектепті және «Транстелеком» АҚ 24 мектепті оптикаға ауыстыру бойынша жұмыстар атқарды. Осыған сәйкес, интернет жылдамдығы төмен 139 мектептің 52-сі оптикаға ауыстырылды.