Түркістанда «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ» тақырыбында республикалық форум өтті. Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған форумға құқық қорғау органдарының басшылары, ҚР Парламенті мен ҚР ІІМ, жергілікті атқарушы орган, полиция, прокуратура, өкілдері, ата-аналар, отбасы құндылығын дәріптеп жүрген ел ағалары мен аналары қатысты.
Форум отбасы құндылығын насихаттайтын өте әсерлі қойылыммен басталды. Бала тәрбиесін шет қалдырып, перзенттерін мұңайтқан ата-аналардың жай-күйі көрсетілген қойылым жұртшылыққа ой салды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен бала құқығын қорғау аса маңызды міндет екенін жеткізді.
– Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары аймақ. Көпбалалы батыр аналардың басым бөлігі Түркістан облысында тұрады. Ана мен бала құқығын қорғау, отбасылық зорлық-зомбылықтардың алдын алу барлығымызға – үлкен міндет. Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамуы қарқынынан қоғамдық қатынастар мен құндылықтар да өзгерістерге ұшырады. Мысалы, осы күнге дейін ата-ананың қол көтеруі бала тәрбиесінің бір бөлігі ретінде көрінсе, бүгінде ол көрініс зорлық-зомбылық болып сипатталады. Бала тәрбиесімен смартфон айналысатын жағдайға жетті. Сондықтан, жаңа ұрпақты қалыптастыруда ата-ананың түсінігін өзгертетін уақыт жетті. Біз отбасы тәрбиесінде өркениет талаптарын ескеруіміз керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында жауапкершілікті қатаңдату жөнінде нақты шешімдер қабылдады. Осы ретте Түркістан облысында әйел теңдігін сақтау және бала құқығын қорғау бағытында жұмыстар атқарылуда. Айта кетерлік жағдай, облыста жаңа құрылған отбасылардың ажырасу дерегі өткен жылмен салыстырғанда азайған. Ендігі кезекте отбасы құндылықтарын дамыта отырып, бұдан да жақсы нәтижеге жетуіміз қажет. Өңірде 207 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 68 мыңға жуығы, яғни, әрбір үшінші кәсіпкер – қыз-келіншектер. Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Болатқызының ұсынысымен Түркістан қаласында көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында «Қамқорлық» жанұя орталығы ашылды. Бір жылда психологиялық қолдау, құқықтық жәрдем, өз кәсібін ашуға ықпал ету сынды, жалпы 10 бағытта 2568 адамға қызмет көрсетті. Өңірде «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, қоршаулары реттелді. Нәтижесінде балаларға қарсы жасалған қылмыстар саны 2022 жылмен салыстырғанда азайды. Қазақ халқы ежелден қыз баласын, ардақты анасын ерекше қастерлеген. Ұрпақты басты байлық деп санаған. Сондықтан, біз өңірде ана мен бала құқығын қорғау, оларға жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды белсенді түрде жалғастырамыз. Ішкі істер департаментінің, қылмыстың алдын-алудағы жаңа жобалары өз жемісін береді деп сенемін. Бүгінгі форум маңызды ойлар мен, салаға серпіліс беретін идеялар бастамасына айнала берсін! Тұғырлы Түркістанымыздың, тұтас еліміздің аналары мен балалары бақытты болсын! – деген облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы саладағы өзге де жұмыстарға тоқталды.
Форумда Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев мазмұнды баяндама жасады. Ол зорлық-зомбылық санын азайтуда жазалау емес, профилактикалық іс-шаралардың маңызы зор екенін жеткізді.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды баяндады.
– Отбасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 4 395 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды, ал 650 тұлғаға қатысты мінез-құлқына сотпен ерекше талаптар белгіленді. Жүргізілген профилактикалық іс-шаралар барысында қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 461 бабымен – 127 тұлға, белгіленген ерекше талаптарды бұзғаны үшін 669-бабымен 89 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Отбасындағы зорлықтың құрбандарына психикалық, заңгерлік және әлеуметтік қолдау көрсету, агрессорлармен профилактикалық жұмыстар жүргізуден бөлек, оларды учаскелік полиция пунктерінің жанынан құрылған қоғамдық қауымдастықтарда қарап, тәрбиелік ықпал ету шаралар қолданылуда, – деді полиция генерал-майоры.
Маңызды жиында білікті спикерлер өз ойларын ортаға салды. Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бала құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Бала құқығын қорғау шаралары күшейтілетінін жеткізді.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев құқық қорғау саласындағы тапсырмалардың орындалу барысын айтып, Мемлекет Басшысының тапсырмасымен тұрмыстық жанжал шығарушыларға қатысты жазаны қатаңдатылғанын мәлімдеді. Қазір полиция жәбірленушінің арызынсыз да құқық бұзушылықтың жасалу фактісі бойынша іс қозғайды.
Қоғам қайраткері, ардақты ана Оразкүл Асанғазы отбасы құндылығы туралы сананы серпілтетін аналық ақылын айтса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев та тақырыпқа байланысты ой қозғады.
Қазіргі таңда, облыста 183 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Бұл Республикадағы аналардың төрттен бірін құрайды. Оның ішінде 17 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. 2023 жылы 54498 сәби дүние есігін ашты.
Балаларға жағдай жасау мақсатында өңірдегі бастауыш сынып оқушыларын бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бюджеттен 17 млрд. теңге қаржы қаралды. 200 мың оқушы бір реттік ыстық тамақпен қамтылды. Балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру үшін «Артспорт» бағдарламасына 4,4 млрд.теңге қаржы бөлініп, 30 мыңнан астам оқушы қосымша үйірмеге қатысып жатыр.