Отырар ауданындағы Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей интернат кітапханасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жатақхана оқушылары арасында кітап оқу сағаты ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ынталандыру болды.
«Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген ұлылардан қалған дана сөз бар. Өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, идеология мәселесіне баса көңіл бөлу керектігін айтып, балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызын атап өтті.
«Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», — деді Президент.
Кітап оқуды насихаттау үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану мұғалімдер мен ата-аналар алдында тұрған басты міндет болып саналады. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», деп қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы айтқандай адам баласы үшін кітап — тілсіз тәрбиеші, кітап адам баласына бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады.
Айта кетейік, бүгінде Отырар ауданында бірнеше ауылда мектеп салу жоспарланса, аудан орталығында бір жайлы мектеп бой көтеруде.