«Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасына Сарыағаш ауданында 10 нысан құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда ауданда 4 жайлы мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Атап айтар болсақ, біріншісі Сарыағаш қаласы Б.Оспанов көшесінен 300 оқушы орындық жайлы мектеп құрылысы салынуда. Нысан биыл жыл соңына дейін тапсырылатын болады. Сонымен қатар, Дербісек ауылынан 900 орындық жайлы мектеп құрылысы бой көтеруде. Бұл ғимарат та биылғы жылы пайдалануға берілетін болады. Жаскешу ауылында құрылысы қолға алынған 900 орындық жайлы мектеп те ағымдағы жылы тапсырылады деп күтілуде. Сарыағаш қаласына қарасты Телемұнара мөлтек ауданынан 900 орындық жайлы мектеп құрылысы басталды.
Биылғы оқу жылында Сарыағаш ауданында 5874 бала мектеп табалдырығын аттады. 2022-2023 оқу жылында 3093 оқушы мектеппен қоштасты. Ал, Түркістан облысында биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 53 222 бала келді, 11-сыныпты 29 422 оқушы бітіреді. Жалпы балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау да кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз. Бүгінде облыста 121 мектеп бойынша талдау жүргізілуде. Бұл мектептер 1939-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Оның 51-іне 302 млн. теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Осы мектептерді күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен 2024-2025 жылдар аралығында 38,9 млрд. теңге қарастырылуда. Ал, қалған 70 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2024-2025 жылдардың бюджетіне қажетті қаражатты енгізу жоспарланып отыр.
Өңірімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады деп жоспарланған. Оның 29-ының құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталатын болады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін беретін болады.
Жайлы мектептердің басқа мектептерден артықшылығы, олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталатын болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша, оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін тарсформер-парталар мен «ауыз су фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады.
Сосын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай жүреді. Сонымен қатар, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады.
Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп, Үкіметке жемқорлардан тәркіленген қаржыға да мектеп сала бастауды тапсырған болатын. Бұйыртса, облыста жемқорлардан тәркіленген қаржыға 20 жаңа мектеп салынады. Болашақта онда 15 мыңға жуық оқушы білім алатын болады.