Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халыққа арнаған Жолдауларында ұлтымыздың болашағы жас өскіндердің бақытты өмірі үшін үнемі жаңа бастамалар көтеріп, олардың жүзеге асуын қадағалап отырады. Соның бір көрінісі ретінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын айтуға болады. Осынау игі бастаманы Мемлекет басшысы 2022 жылғы Жолдауында ұсынған болатын. Содан бері бұл ұлттық жоба егжей-тегжейлі зерделеніп, соның шеңберінде заң қабылданып, ол биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Өйткені, еліміздің жер асты, жер үсті байлығында жас ұрпақтың да еншісі бар. Ондағы мақсат – өскелең ұрпаққа ұлт байлығының бір бөлігін беру арқылы қолдау көрсету.
Бағдарлама іске қосылған уақыттан бастап қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтаушы есепшотына аударыла бастайды. Қаржы әр балаға 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Оны мерзімінен бұрын есепшоттан шешіп алуға болмайды. Жиналған қаржы балалар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Мемлекет басшысының айтуынша, ұлттық қор шын мәнінде халқымыздың игілігіне қызмет етіп, бұдан бөлінген үлес өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына жолдама береді. Бұл – тарихи шешім. Алайда, балалар азаматтықты өзгерткен жағдайда бұл құқығынан айырылады. Сондай-ақ, төленетін қаржы салықтан босатылады. Бала 18 жасқа толғанға дейін есептелген қаржы іс жүзінде Ұлттық қорда аяқталады және Ұлттық банк инвестициялауды жалғастырады. Бұл жинақтар кәмелетке толмаған адамның ерекше меншігі болып табылады. Балалардың шотына жиналатын қаржының құнсызданбау жағы ескеріледі. Бұл үшін балаларға аударылып отырған барлық қаражат доллар бағамымен есептеледі.
18 жасқа толғанша әр баланың шотына 3 мың доллардың шамасында қаржы жиналады. Бұл бүгінгі бағаммен теңгеге шаққанда 1,5 млн. теңге. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, бұл мардымды қаржы емес. Сол үшін қордың табысын арттырудың тетіктерін қарастыру қажет. Сондықтан инвестициялық кірістің көлемін арттыру жағын қарастыру керек деген пікір айтады.
Мемлекет басшысы білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп, нақты шаралардың қабылдануын күн тәртібінен түсірген емес. Елді білім мен ғылым ғана өркендетеді. Сол білім мен ғылымға барар жол балаларымыздың талапқа сай, жан-жақты қамтылған мектептерде білім алуында жатыр. Осы орайда Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы қолға алынып, биыл оның құрылысына 2,4 трлн. теңге қаражат бөлінді. Бұған дейін 100 млрд. теңге ғана бөлінетін. Сонда үш ауысымды, апатты мектептер мәселелері шешімін тауып қана қоймай, жай мектеп емес, балалар үшін жайлы, заманауи мектептердің саны көбейеді. Еліміздің әр аймағында 400-дей мектеп салынады. Соның ішінде Төлеби ауданында бүгінде осындай заманауи үлгідегі 4 мектептің құрылысы жүруде. Оның үшеуі биыл, біреуі келесі жылы пайдалануға берілмек. Жайлы мектеп әлемдегі ең озық мектептер үлгісіндегі, материалдық-техникалық жағынан толыққанды жабдықталған білім ордалары болмақ. Балаларымыз келешекте осындай үлгідегі мектептерде оқып, сапалы білім алады.
Мемлекет тарапынан бастауыш сынып оқушыларының тегін тамақтануы жүзеге асырылуда. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап 1-4-сыныптарда оқитын 1,4 миллионнан аса бала, соның ішінде 200 мыңнан астам осал топтағы барлық балаға ыстық тамақ беріле бастады. Ол үшін 100 млрд. теңге бөлінді. Өйткені, балалардың денсаулығы, әл-ауқаты, сабақ үлгерімі дұрыс тамақтануына байланысты. Сондықтан бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінуде. Көрші мемлекеттердің көпшілігінде оқушыларға мұндай жағдай жасалмаған.
Биылғы оқу жылында аз қамтылған отбасылар балаларының мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін әрқайсысына кемінде 40 мың теңге жұмсалды. Оған барлығы 463 мың бала қамтылып, 19 млрд. теңге бюджет қаражаты жұмсалды. Білім беру ұйымдарында балалардың тамақтану нормалары қайта қаралды. Отандық өнімді пайдалануға, тағам сапасының мониторингін күшейтуге және дұрыс тамақтануға баса назар аударылуда.
Бұрын мемлекеттік балалар бақшалары 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді ғана қабылдайтын еді. Енді бүлдіршіндер 2 жастан бастап қабылданатын болды. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттен 15-20 мың бүлдіршінге балабақша салынса, өткен жылдан бастап 80 мыңнан аса балаға балалар бақшасын салуға қаражат бөлінді.
Сонымен бірге биылғы қыркүйектен бастап балалар бақшасы қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көбейді. Алдағы жылдарда олардың жалақысы біртіндеп өсе беретін болады. Балалар бақшасы қызметкерлеріне мұндай жағдай жасалмаса, бүлдіршіндерді оқытып, тәрбиелейтін мекемеге жоғары білікті маманның келе қалуы екіталай.
Президент жағдайы төмен отбасылардың балаларына балалар бақшасында ғана емес, мектептерде тегін тамақ беру туралы тапсырма берді. Бұл шара әлеуметтік теңсіздікті азайтуға және балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы тиісті салаларға ерекше күтімді қажет ететін балаларға көңіл бөлуге де тапсырма берді. Психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес беру (ПМПК) желілерін күшейту қолға алынды. Елімізде ПМПК саны 100-ге, ал, оңалту кабинеттерінің саны 210-ға жетті. Ондағы мақсат – балалардың дамуында ауытқу барын ерте жастан анықтап, қатарға қосу. Бұл бағытта «Инклюзивті білім туралы» Заң қабылданды. Сонымен бірге Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен балалардың алаңсыз, бақытты өмір сүруі үшін, отбасыдағы зорлық-зомбылықтан қорғау үшін арнайы заң қабылданды.
Мемлекет басшысының Жолдауларында отбасыдағы зорлық-зомбылықты тоқтату мәселесі де кеңінен қамтылуда. Онда азаматтардың, соның ішінде балалардың құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі қозғалды. Нәтижесінде, бір жылдың ішінде бұл келеңсіздіктің алдын алу үшін бірнеше заң қабылданды. Мәселен, бұрын зорлық-зомбылық оқиғасы орын алса, жәбір көрген адамның өзі арыз жазуға тиіс еді. Көбінде полиция қызметкері барғанда арыз жазған адам бастапқы ойынан айнып, арызын қайта алатын. Осылайша тіркелмеген, іс қозғалмаған зорлық-зомбылық оқиғалары көп еді. Енді жаңа өзгерістерге сай полицияға тек жәбір көрген адамның өзінен емес, оның көршілерінен, таныстарынан, басқа да адамдардан дабыл түссе, тәртіп сақшысы оқиға орнына барып, міндетті түрде әкімшілік іс қозғайтын болды.
Балалар – біздің байлығымыз. Олардың білімді, сауатты, адамгершілік қасиеті мол, патриот болып өсуі үшін елімізде барлық жағдайлар жасалып келеді. Бұл – Әділетті Қазақ-станның басты мұраты.
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері