Созақ ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында жас ұрпақты рухани кітап оқуға баулу, мектеп кітапхана қорын толықтыру, кітапхана мамандарының кәсіби шеберлігін дамыту мақсатында «Көркем әдебиеттің баланың өміріндегі тәрбиелік рөлі» тақырыбында А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектепте аудандық тәжірибелік семинар өтті.
Семинарға мектеп кітапханаларының меңгерушілері мен кітапханашылар қатысты. Аталған іс-шарада мектеп директоры Ержан Сейдахмет сөз алып, кітапханашыларға шығармашылық табыс тіледі.
Семинар барысында әдіскер А.Қалманбаева «Балалар кітапханасы» бағдарламасы бойынша каталогы жұмысын жүргізу жайлы, А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектептің кітапхана меңгерушісі З.Мыңжасарова «Балалар кітапханасы» бағдарламасы бойыншаоқушылардың оқу белсенділігі мен оқу құзыреттілігін дамыту жайлы баяндама жасады.
Қазақ балалар әдебиетінің классигі Б.Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» тақырыбында мектеп кітапханашысы А.Утембаева мектеп оқушыларымен бірге «Менің атым Қожа» атты шығарманың желісі бойынша қойылым қойып, балаларды шығарма мазмұнын түсіну, идеясын ашу, рольдермен оқыту, оқушыларды әңгіменің басты оқиғаларын саралап айта білуге дағдыландырды.
«Кітап оқу процесін ұйымдастыруда дидактикалық ойын түрлерін пайдалану» тақырыбында семинарға келген қонақтармен түрлі дидактикалық, интербелсенді ойындар ойнатып, бала қызығушылығын арттыруда ойын құрастырып жасау платформаларын таныстырды. Панфилов атындағы жалпы білім беретін мектеп кітапханашысы С.Мырзакеримова «Бала тәрбиесіндегі ертегілердің орны ерекше» атты тақырыпта презентация қорғап, түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып түрлі дидактикалық ойындармен бөлісті.
Жалпы «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» республикалық жобасы облысымыздатабысты іске асып келеді. Айталық, былтыр Түркістан облысы әкімдігі мен Болат Өтемұратов қоры өзара меморандумға уағдаласқан болатын.Меморандум негізінде облыстағы 50 мектепке “Jas Leader” факультативті курсы оқытылды. Аталмыш жоба оқушылардың, кітапханашылардың жəне ата-аналардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, сондай-ақ, оқу мəдениетінің деңгейін арттыруға жəне оқуды насихаттауға бағытталды.Әкімдік тапсырмасымен атқарып отырған облыстағы “Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт” жобасы аясында облыстық Білім беруді дамыту орталығының инновациялық «KitapХАН@» кітап оқу жарыс жобасына Болат Өтемұратов қоры қолдау көрсетті.
Аталмыш жобаға облыстағы білім беру ұйымдарының педагогтері, колледж студенттері мен 5-10 оқушылары қызыға қатысты. «Балалар жылында» «KitapХАН@» кітап оқу жарысының жеңімпаздарын марапаттау үшін сыйға тартылатын «Steppe World» баспасының заманауи өте құнды “Хәрри Поттер” және тағы басқа көркем әдебиеттерін алуға қор демеушілік жасады.
Жоба аясында мынадай төрт бағыттағы көркем әдебиеттерді көбейтуге басымдық берілді. Олар: еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлары, қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары және түрлі анықтамалықтар мен ғылыми-көпшілік басылымдар, оқу-әдістемелік құралдар. Жоспарды жүзеге асыру үшін жыл сайын мектептердің кітапханасын 20 пайыз көркем әдебиетпен толықтыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Яғни бес жыл ішінде мектеп кітапханалары 100 пайыз көркем әдеби шығармамен кітап қоры толығады деп көзделген.