Шардара ауданының білім бөлімі әдістемелік кабинетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері А.Турехановның ұйымдастыруымен Қ.Аманжолов атындағы жалпы білім беретін мектепте «Білім алушыларды «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінен 5,8 және 10 сыныптарда аралық аттестаттау бойынша» атты тақырыпта аудандық семинар өтті.
Семинарға білім беру ұйымдарынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бірлестік жетекшілері қатысты. Іс-шараның мақсаты білім алушылардың «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінен 5, 8 және 10 сыныптарда аралық аттестаттау бойынша әдістемелік кеңес беру болды.
Шара барысында оқушыларды «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша оқу бағдарламасының көлемін меңгеру деңгейін негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарына сәйкес бағалау мақсатындағы 5-8-10 сыныптарда өтетін аралық аттестаттау бойынша әдістемелік ұсынымдағы тапсырма үлгілерімен таныстырды. «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінен эссе жазуда тапсырмалардың мазмұны ақпаратты түсіну, мәтіннің құрылымы мен негізгі ойын түсіну, мәтіннің стильдік ерекшелігін тану, орфографиялық, орфоэпиялық, пунктуациялық нормаларға сай құрылу қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, аралық аттестаттау тапсырмасы мазмұнының сипаттамасы, білімді тексеру тапсырмасының формасымен және жалпы жұмысты бағалау критерилерімен таныстырып өтті.
Семинар соңында А.Туреханова пән мұғалімдерінің сұрақтарына жауап беріп, кері байланыс жасады.
Айта кетейік, бүгінде Шардара ауданында 31 мемлекеттік мектеп бар. Онда 19 мыңнан астам оқушы білім алуда. 41 балабақшада (17 мемлекеттік, 23 жеке меншік, 1 шағын орталық) 4636 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектептердің информатика кабинеттері 3837 компьютермен жабдықталған, нәтижесінде 1 компьютерді пайдаланатын оқушы саны 5,47 бірлікке жетті. Аудан мектептерінің телефонмен байланысы және интернет желісін пайдалану 31 мектептің барлығында орнатылған.Өткен жылы «Шардара мектеп-лицейіне» облыстық бюджеттен 254,9 млн теңге қаржы қаралып, ғимарат күрделі жөндеуден өтті.30 мектепке 83,7 млн теңге қаржы қаралып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.Сонымен қатар 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда 2 мектептің құрылысын жүргізу қолға алынды. Жобаға сәйкес, 1500 оқушы заман талабына сай мектеппен қамтылады (Шардара қаласындағы 4-ші мөлтек ауданына 1200 орындық, Өтеғұл мөлтек ауданына 300 орындық) деп күтілуде. Қазіргі таңда аталған мектептерге жер телімдерінің мемлекеттік актілері және тиісті техникалық шартары алынып рәсімделді.