Сарыағаш ауданының Нұрлы жол ауылында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бет бұрған мектеп бар. №50 Болатбек Омаров атындағы білім ұясында оқушылар ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті киюді әдетке айналдырған. Бұл бастамаға мектеп ұстаздары да бірдей ат салысып келеді. Білім ошағы қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру және еңбек пәндерінде ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерге басымдық беріп отыр.Мұнан бөлек оқушылар үйірме сабағында ұлттық аспаптарды да жетік меңгеруде. Қос ішекті домбырамен күй шерткен шәкірттер ұлттық би түріне де үйреніп келеді.
Сондай-ақ ұлттық спорт та кеңінен насихатталып, асық ату, тоғызқұмалақ ойындары дене шынықтыру сабағында үйретілуде. Тіпті қазақ күресінен жүлделі орындарды иеленіп, байрақты бәсекелерде аудан мерейін үстем еткен оқушылар да бар.
Мектеп ұстаздары ұлттық құндылықтарды тек сабақ оқыту үдерісінде ғана емес, түрлі сайыстармен де дәріптеуде. Айталық, мектепте қыз бен жеңге, әке мен ұлдар арасындағы жарыстар жиі ұйымдастырылады. Осылайша оқушы бағбандары салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлттық болмыстың ұмыт қалмауына мұрындық болып отыр. Мектеп басшысының айтуынша, мұндай бағыт мектеп оқушыларының рухани дамуына, бойларындағы ұлттық төлтума болмысты қалыптастыруға септігін тигізуде. Білім шаңырағының бастамаларына қазір Сарыағаш ауданындағы өзге мектептер қызығушылық танытып отыр. Бір ұжымның бұл небәрі үш айда жеткен жетістігі.
Айта кетейік, бүгінде аудан аумағындағы 96 мектепте (оның 78-і мемлекеттік, 18-і жекеменшік) 61 850 оқушы білім алуда.Ағымдағы оқу жылында 19 елді-мекеннен 2742 бала мектепке тасымалдануда. Оның ішінде мектебі жоқ 14 елді мекеннен –1305, мектепте жоғары сыныптары жоқ 3 елді-мекеннен – 156 бала, одан бөлек халықаралық үлкен тас жолдың келесі бетінен 365 оқушы, теміржол өткелі жоқ өңірден 102 оқушы тасмалданып оқуда. Сондай-ақ, Сарыағаш (1 мектепте 814 бала) қаласында мектеп құрылысы жүруіне байланысты тасымалданып, білім алуда. Балаларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін облыстық білім басқармасы тарапынан 2023 жылы барлық тасымалдау талаптары сақталған 10 жаңа мектеп автобусы берілді.
Жалпы өткен жылы Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының қатысуымен Сарыағаш қаласы Самал мөлтек ауданында 900 орынды жаңа мектептің ғимараты пайдалануға беріліп, қазіргі таңда мектепте 1362 оқушы білім алуда. Ол 3 ауысымда білім алатын Сарыағаш қаласы Самал мөлтек ауданында орналасқан №60 жалпы білім беретін мектебі КММ-нің оқушыларын 2 ауысымға өтуге септігін тигізді.
Одан бөлек, кәсіпкерлер тарапынан Сарығаш қаласында 160 орындық жалпы орта білім беретін мектеп-интернаты, Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылдық округі, Төңкеріс елдімекенінде 172 орындық бастауыш мектеп, Құрама елді мекенінде 115 орындық жалпы орта білім беретін мектеп, Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылдық округі, Қапланбек елді мекенінде 264 орындық ғимараты пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, өткен жылы Сарыағаш ауданы білім бөліміне қарасты 5 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. Атап айтқанда, Ж.Жабаев атындағы №75 жалпы орта мектебі, Панфилов атындағы №16, Мәңгілік ел атындағы №23, Тоқмұхамедов атындағы №36 және Айни атындағы №8 жалпы орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілді.
Бұдан бөлек былтыр Нұрлы жол елді мекеніндегі Б.Омаров атындағы №50 жалпы орта мектептің 300 орынды оқу ғимаратының құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылды. Сарысу елді мекеніндегі Әбдіров атындағы №40 негізгі орта мектептің 200 орынды оқу ғимаратының құрлысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, мектептертің қауіпсіздігіне орай 78 мектепке қауіпсіздік түймешелері орнатылып, 85 бейнебақылау камералары қойылды. 18 мектептің қоршауына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ерекше атап өтетіні, биыл аудандағы 18 мектеп табиғи газбен қамтылып, жылу мәселесі жүйелі жүргізіліп келеді.
Ал, қазір облыста 1029 мектепте (мемлекеттік – 908, жеке – 121), 519 мың оқушы білім алуда. Жаңа оқу жылында 53 222 бала 1-сыныпқа барды, 11-сыныпты 29 422 оқушы бітіреді. Мектептерде 35 мың орынға тапшылық бар. 4 апатты, 5 үш ауысымды және 11 үш ауысымға өту қаупі бар мектептер жұмыс істеп тұр. Бұл проблемаларды шешу үшін 4 бағытта жұмыс жүргізілуде.
Бүгінде бюджет есебінен 34 мектептің құрылысы басталды (жобалық қуаты – 8 250 орын). Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда 6 мектеп пайдалануға берілді. Президентіміздің бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 9 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр (жобалық қуаты – 6 650 орын). Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады (жобалық қуаты – 49 мың орын). Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, олар келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарланған. Бұдан бөлек, жеке инвестиция есебінен 17 мектеп салынды (жобалық қуаты – 5 000 орын) деп жоспарланған.